2017 жылы Қазақстанда 9000-ға жуық сайт жұмысын тоқтатқан, 230 мыңнан астам лаңкестікті, зорлық-зомбылықты насихаттайтын материал жойылған. Десе де, Қазақстан халқының 78 пайызында, яки, 14,2 миллион адамда ұялы телефон бар екенін ескерсек, желінің жендеттері бүгін-ертең айылын жия қоймасы айдан анық. Өйткені, интернет елдің санасына сыналап енді, көпшілік сондағы ақпаратқа сенді, еркін берді.
2018 жылдың 23 тамызында Украинада 13 жасар қыз өз-өзіне қол салды. Себебін іздеген еді, айыпты интернеттегі «Момо» дейтін вирус екен. Өрімдей қыздың телефонына түрлі хабарламалар жіберіп, туыстары туралы ақпараттарды ақтарып қорқытып, дегенін істеткен, ақырында «төбеден секіріп өл» депті. Біздің елде де сайт салған сойқандар аз болмады. Әлеуметтік желі «интернеттің инесіне отырған» жасөскіндерді алдымен алдауға, артынша арбауға бейім.
Тұтас желіні бұғаттауға бірді-екілі адамның әлі келмесі анық, ендеше, мемлекет қандай қауқар қылмақ? Қауіпті сайтты сырт айналып өту үшін нені білу керек?
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ