«Жүрсіннің жүйріктері» жобасының бүгінгі жұбы - Мақсат Ақанов пен Әсем Ережеқызы. Ақындар бірінші бөлімде «Ұлы көш» тақырыбында сөз жарыстырды. Қазылар алқасы бұл бөлімде қос ақынға да тең ұпай берді. Алайда, тәуелсіз сарапшы Бауыржан Халиолланың пікірінше, тақырыпты аша білу, әзілді жеріне жеткізе білу жағынан Мақсаттың бәсі биіктеу болды.
Екінші бөлімде ақындардың бірі жол полициясы болып айтысса, екіншісі көлік жүргізушісі болып сөз додасына түсті. Бұл бөлімде Әсем Ережеқызы 39 ұпай еншілесе, Мақсат Ақанов 40 ұпай жинап, келесі кезеңге өтті.
Айта кетейік, «Жүрсіннің жүйріктері» жобасында ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелері - ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, профессор Намазалы Омаш, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. Ал, тәуелсіз сарапшы – ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла.