Бүгін – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні

01.12.2016
Бүгін – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні

1 желтоқсан, бейсенбі, 2016 жыл

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні

1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы  мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген.  

олюолю

ЖИТС-ке (СПИД) қарсы дүниежүзілік күрес күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен. 1988 жылы барлық елдердің Денсаулық сақтау министрлері тарихи кездесу өткізді. Тарихи болатын себебі, онда алғаш рет көпшілікті терең толғандырып жүрген ЖИТС дерті туралы сөз болды. Дәл сол кезден бастап, желтоқсанның 1-і СПИД-ке қарсы күрес күні деп белгіленді. КСРО-да ең алғашқы ЖИТС-ке шалдыққан науқас 1987 жылы тіркелген. Қазақстанда бұл проблема 1989 жылдан бері айтыла бастап, күрделі мәселенің біріне айналды. Бұл аурудың әзірге емі жоқ. Елімізде 20 мыңға жуық адамның осы сырқатпен ауыратындығы ресми түрде тіркеліп отыр. «Ғасыр дертінен» Қазақстан Ресей, Украина мен Беларусьтан кейін төртінші орында тұр. Қатерлі ауру республиканың Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында біршама жоғары деңгейде.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

57 жыл бұрын (1959) «Спорт» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл республикалық басылым Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі комитет пен Кәсіподақтардың Қазақ республикалық кеңесінің органы болатын. Газет екі тілде: қазақ, орыс тілінде шықты. Қазір «Спорт. kz» деп аталады.

56 жыл бұрын (1960) Қарағанды металлургия зауытында кокс батареясы іске қосылып, Қазақстанның тұңғыш коксі алынды.

25 жыл бұрын (1991) Қазақстан Президентін тұңғыш жалпыхалықтық сайлау өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті.

19 жыл бұрын (1997) Алашорда қайраткерлері Әлихан Бөкейхан пен Мұстафа Шоқайға арналған деректі фильм жарық көрді.

12 жыл бұрын (2004) Алматыда ресми түрде Манаш Қозыбаев атындағы көше ашылды. Манаш Қозыбаев (1931-2002) - көрнекті қоғам қайраткері, танымал ғалым, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Президенттік Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты.

11 жыл бұрын (2005) Қызылордада газ-турбиналық электр стансасы іске қосылды. Станса қалаға 90 гекокалория жылу берумен қатар қаланы электр қуатымен толықтай қамтамасыз ете алады.

5 жыл бұрын (2011) Бакуде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаев атына көше беру салтанатты рәсімі өтті. Бұдан басқа, Әзербайжан халықаралық университетінің ғимаратында Абай барельефімен естелік тақта ашылды.

 

ЕСІМДЕР

131 жыл бұрын (1885-1949) геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-і еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты КАССИН Николай Григорьевич дүниеге келді.

111 жыл бұрын (1905-1996) саяси және қоғам қайраткері АХМЕТОВ Сағынтай дүниеге келді.

78 жыл бұрын (1938) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ХАСЕНОВ Мәди дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1949) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі МЕЙРАМОВА Жұмагүл Өмірзаққызы дүниеге келді.

47 жыл бұрын (1969) спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушысы ЖАҚЫПБАЕВА Айнұр Әбсадыққызы дүниеге келді.

Хабарламаларға жазылу