Бейресми Саммитке Қазақстанның Тұңғыш Президенті қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейресми Саммитке Қазақстанның Тұңғыш Президенті қатысты

28.12.2021

Петерборда өтіп жатқан ТМД мемлекет басшыларының бейресми жиынына Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып жатыр. Ол - бұл ұйымының тұрақты әрі құрметті қонағы. Өйткені, ТМД ұйымын құру Елбасының идеясы еді.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

ТМД ұйымының бейресми саммитінің Санкт Петербургте өтуі дәстүрге айналғандай.Соңғы жылдары 11 елдің лидерлері осында жоспардан тыс бас қосып жүр. Бұл жолы Ресей президентінің шақыртуымен келген мәртебелі меймандардың қатарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы да бар. Себебі айқын. 30 жылдық тарихы бар ұйым Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, заңдық негізі қазақ жерінде қаланды.

Еркін тілдесу. Бейресми болғандықтан бекітілген тақырып жоқ. Бірақ бұл, ТМД-ны толғандыратын мәселе жоқ деген сөз емес.

Індет салған іркілістен кейін іргелес елдің лидерлерінің кездесіп тұрғаны осы. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин алдымен жеке кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

Құрметті төраға ретінде мен бүгін бейресми кездесуге қатысамын. Мен 1991 жылы желтоқсанда Алматыда ТМД-ның құрылуына себеп болған тарихи оқиғаның санаулы куәгерлерінің бірімін. Бәрі күні кешегідей есімде. Еуразиялық экономикалық Одақты әрі қарай дамытудың маңызы зор. Бұл интеграциялық бірлестіктің тиімділігі мен өзектілігін арттырады. Пандемияға қарамастан, тек Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі 24 млрд.болды. Бұл барлық жылдардағы рекорд. Біздің міндет – ұйымды дамыту, қауымдастырылған мүшелер мен бақылаушыларды қабылдау. Осылайша, өзгелерге Одақтың пайдалы екенін көрсету.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Сізді Санкт Петербургте көргеніме қуаныштымын! Еуразиялық экономикалық Одақты дамытуға қатысты кез келген мәселе бойынша бас қосқанда, бұл идея Сізге тиесілі екенін еске аламыз. Пандемияның кесірінен, қазір әлемдегі жағдай мәз емес. Өндіріс көлемі азайды. 2020 жылғы қиын кезеңге қарамастан екеуара байланыс үзілген жоқ, экономканы құлдыратпадық. Жалпы алғанда 4% құраса, биылғы жылдың 9 айында өсім 30% асты. Бұл Қазақстанның қазіргі басшылығымен, Елбасымен және Үкіметімен бірлескен қызметіміздің өте маңызды нәтижесі.

Қазақстан мен Ресей әуелден әлеуетті әріптес, стратегиялық серіктес. Сауда-экономикалық байланыстары үзілген емес. Оның дәлелі лидерлер келтірген деректер. Екіжақты қарым-қатынастың аяқ алысын екеуара пысықтап алған көшбасшылар, бүгінгі ТМД жиынының өзге де мемлекеттермен көпжақты ынтымақтың жаңа кезеңіне жол ашылатынын сөз етті.

 Дарья Чижова, саясаттанушы:

Биыл ТМД ның құрылғанына, бұрынғы Одаққа мүше елдердің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Сондықтан, бұл мерейтойлық жиын деуге болады. Онда жаһандық пандемияның әсері, әлсіреген әлемдік экономика және өзара даму перспективалары қаралары сөзсіз. Өйткені, ұйым тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан келіссөздер алаңына айналды.

ТМД мемлекет басшылары алғаш 1991 жылы, 21-желтоқсанда Алатаудың бауырында жиналды. Дәл осы күні “Алматы декларациясы” қабылданып, ұйым заң жүзінде бекітілді.

70 жыл Қызыл империяға тәуелді болып келген елдер Тәуелсіздігін алды. Алайда, одақтан бөлініп, бұрынғы жүйеден шығып қалған дербес мемлекеттер бастапқыда абдырап қалды. Сол себепті де, ортақ ұйым құру-уақыт талабы еді.

Станислав Притчин, сарапшы:

КСРОның құрамындағы мемлекеттердің экономикасы, саясаты, білім жүйесі, идеологиясы бір еді. Сондықтан, елдер үшін бөлек-бөлек өмір сүру оңай болмады. ТМД осы мәселені жұмсақ шешуге ықпал етті. Өзара бірігіп, келісімге келе отырып, әрі қарай дамуға жол ашты. Обьективті түрде айтсақ, бүгінде ТМД ұйымына балама алаң жоқ.

Кешегі Кеңестік Республикалар бүгін егеменді мемлекеттер. Бір шаңырақ астына біріксе де, әрқайсысының мақсаттары мен ұстанымдары бар. Елдердің мүддесі бірінші орында. Яғни, ұйымға мүше 11 мемлекеттің тәуелсіздігі құрметтеліп, тең құқығы сақталады. Құжаттың құндылығы да сол.

Леонид Млечин, журналист, жазушы:

Кеңес Одағы 30 жыл бұрын ыдыраса да, 11 ел әлі күнге дейін бір-бірінен ажырамай, қарым-қатынастарын нығайтуға ниетті. Тіпті, Украина Ресеймен байланысы нашар болса да, ТМД келісімдерінен бас тартқан жоқ. Өзбекстан да, еркін сауда аймағына соңғы болып қосылып, өзіне жаңа мүмкіндіктерді ашты. Әлбетте, көптеген итеграциялық процестердің бастамашысы әрі белсенді қатысушысы Қазақстан екенін айта кеткен жөн.

Қазір әлем әлсіреп тұр. Геосаяси қайшылықтар күшейіп, жаһандық экономика құбылып тұр. Гуманитарлық проблемалар да жетерлік. Пандемия болса, ес жиғызар емес. Осындай күрделі кезеңде ТМД елдері бір-бірін демеп, шама шарқынша көмектесіп, жаһанға бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсете білді.

Дмитрий Журавлев, Өңірлік проблемалар институтының ғылыми жетекшісі:

ТМД елдері табиғи және экономикалық мүмкіндігі мол. Оның территориясы жалпы құрлық көлемінің 16% алып жатыр. Жер шарындағы халықтың 5% ТМД аумағында қоныстанған. Сондықтан, күш біріктіру республикалар үшін маңызды. Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ ойланбастан, бірден іске көшті. Және қателеспеді.

Бүгінде, ТМД Еуразия кеңістігіндегі ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналды. Достық пен өзара әріптестік аясында әр мемлекет өзінің даму бағытын айқындап, жаһандық бәсекеден қалмай келеді. Тізе қосып қимылдаудың келесі қадамдары келер жылы күзде Қазақ жерінде өтеді.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

Алғашында ұйым құрылғанда оның жұмысына күмән келтіргендер де болды. Алайда, стратегиялық миссиясын мінсіз атқара білген Дос елдердің достастық ниеті өзінің өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдеп үлгерген. Ал, дос елдерді жақындастыра түскен бұндай бірегей алаңның қалыптасуына Қазақтың қосқан үлесі мен Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор.


Хабарламаларға жазылу