Алматыда 18 шілдедегі теракт кезінде қаза тапқан полиция старшинасы, екінші батальон полицейі Аян Ғалиевпен және ҚР ІІМ бұрынғы қызметкері Ғани Нұримановпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр.
Таң атысымен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына марқұмдардың туыстары, жақындары және әріптестері жиналды.
«Біз үшін Аян Ғалиев ақкөңіл, мейірімді жан еді. Өз ісінің маманы еді. Біз әрқашан оны есте сақтайтын боламыз», - деді полиция майоры Есенгелді Өтепбергенов.
Еске сала кетейік, террористік акт кезінде құқық қорғау органдарының үш қызметкері - 28 жастағы полиция капитаны Бауыржан Нұрмұханбетов, 24 жастағы полиция сержанты Мақсат Сәлімбаев және 42 жастағы полиция старшинасы Аян Ғалиев қаза тапқан еді. 19 шілде күні полиция лейтенанты, ЖПП мамандандырылған батальон қызметінің аға инспекторы 29 жастағы Тимур Бегасыловтың ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, бүгін Алматы және Жамбыл облыстарында Мақсат Сәлімбаевты және Бауыржан Нұрмұханбетовты жерлеу рәсімі өтуде.
ҚазАқпарат