Цифрлы сауаттылық деңгейі жоғарыламаса, онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барлығы тиімсіз. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумы аясындағы «Елдер және адамдар арасындағы цифрлық теңсіздікті жою» сессиясында ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
«Біз қазіргі заманғы коммуникация құралдары өміріміздің барлық салаларын байланыстырып отырған ақпараттық технологиялар ғасырында өмір сүрудеміз, яғни білім, еңбекпен қамту, мәдениет, қаржы, жария саясат, жарнама, сауда бағыттарының барша үдерістері 21 ғасырда Интернеттің ықпалымен дамып келеді. Атап айтқанда, постиндустриалды кезеңде цифрлы теңсіздік әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті тудырады. Сондықтан да адамдар арасындағы цифрлы алшақтықты еңсеру мақсаты - ол өзінің ауқымы бойынша кедейлікті еңсерумен салыстырмалы деп айтсам әсірелеу болмас. Бұл проблема жаһандық мәнге ие және өзектіліктің түрлі дәрежесімен әрбір елде бар»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық қоғамда цифрлы бөлінудің екі саласы бар, яғни біреуі - буындық, ал екіншісі - аумақтық. Осы ретте жастар желілерге белсендірек мойын бұрып, қазіргі заманғы технологияларды жылдам игерді. Сондықтан Қазақстанда интернет пайдаланушылардың басым бөлігін 40 жасқа дейінгі адамдар құрап отыр.
«Қазақстанда цифрлы теңсіздіктің екінші аспектісіне тоқталатын болсақ, ауылдық жерлерде сандық қызметтерге қолжетімділік қаламен салыстырғанда төменірек. Егер де ауыл тұрғындары еліміз халқының жартысынан сәл ғана аз екенін ескерсек, онда проблеманың ауқымы күрделі»,-деді Д. Абаев.
Сонымен қатар министр елімізде ақпараттандыру бағытында мемлекеттік саясат жүріп жатқандығын, ол өз кезегінде сандық алшақтықты еңсеруде елеулі жетістіктерге мүмкіндік бергенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікке халықтың 72 пайызы қамтамасыз етілді. Қазіргі кезде халықтың цифрлы сауаттылық деңгейі 74 пайызды құрап отыр.
Бұл тұрғыда ведомство басшысы цифрлы сауаттылық деңгейі жоғарыламаса, онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барлығы тиімсіз екенін атап өтті.