Нью-Йорк қаласының тұрғындарына қазақтың ұлттық тағамдары тарту етілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йорк қаласының тұрғындарына қазақтың ұлттық тағамдары тарту етілді

03.05.2016
Нью-Йорк қаласының тұрғындарына қазақтың ұлттық тағамдары тарту етілді

Қазақстандық аспаздар алғаш рет АҚШ-та өткен ұлттық тағамдар фестиваліне қатысты. Соның аясында шеберлік сабағын да өткізді.

 Аспаздарымыздың қолынан шыққан тағамдар шетелдіктерге ұнаған. Алайда, аспаздарымыз жат жерде ұлттық тағамдарды дайындаймыз деп әбден әбігерге түскенге ұқсайды. Дәмді әрі құнарлы, алуан түрлі қазақтың ұлттық тағамы Нью-Йоркте дайындалды. Қазы-қарта мен жал-жая асылды. Дастарханға ыстық бауырсақ төгілді. Қазан-қазан қуырдақ та таратылды. Дегенмен, аспаздармыздың бұл сапары сынаққа толы болды.

 «Мұнда айырмашылық жетерлік екен. Тұзы татымсыз, қанты дәмді, бұрышы ащы емес. Ал, ет пен балықтан шөптердің дәмі шығады. Бізде еттің де, балықтың да дәмі басқаша. Біз үшін бастысы ұн болды. Бұл жақтың ұны да басқа. Қиналғанымызды білсеңіздер! Ақырында ұнның бірнеше түрін алып бауырсақ пен шелпек, еттің қамырын илеп көрдік. Тырысып бақтық», - дейді СІМ бас аспазы Елмұрат Ысқақов.

Аспаздарымыз мұхит асып алыста жүрсе де, тамақтың бірнеше түрін ұсынды.

«Бүгін 8 түрлі ыстық, 12 салқын тамақ, салаттың 4 түрін ұсындық. Ет, қуырдақ, сірне, ысталған қозының еті, бекіре тартылды. Құрт, жент, ірімшік те болды. Осы ірімшікпен қиналдық. Сүттің іріп, сосын оның бірігуі қиын болды», - дейді Астанадағы «Шатуш» мейрамханасының бас аспазы Жанна Байсалбаева.

Аспаздарымыздың еңбегі қайтты. Шеберлік сағатқа келгендердің барлығы тіл үйірер дәмнен аузы тиді, деп жазады 24.kz.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу