Отырысқа Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин, қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, сессия төрағасы Мирас Шекенов, сондай-ақ, елордалық басқармалардың басшылары қатысты.
Күн тәртібінде ең алдымен Астана қаласы тұрғындарының жекелеген санаттарына атаулы және мереке күндері қосымша әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қаралды.
«2016 жылы жергілікті бюджет есебінен азаматтардың кейбір жекелеген санаттарына 192 миллион 650 мың теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Нақтырақ айтқанда, 26 сәуір - Чернобыль атом электр станциясындағы апат күні - Чернобыль АЭС-і апатының салдарын жоюға қатысқан 580 тұлғаға 80 мың теңге, жесір қалған әйелге 50 мың теңге мөлшерінде төленеді.
Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзіліс соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге (172 адам) 850 мың теңгеден берілмек. Сонымен қатар, Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес, 9 мамыр мерекесіне орай Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 150 мың теңгеден ақшалай төлем жасалады. Яғни, үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне жалпы есепте бір миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі», - деді Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов.
Алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады.