Қазақстан мен Иран арасында құны 1 миллиард доллар болатын 50 келісімге қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Иран арасында құны 1 миллиард доллар болатын 50 келісімге қол қойылды

11.04.2016
Қазақстан мен Иран арасында құны 1 миллиард доллар болатын 50 келісімге қол қойылды

Отырыс Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына сапары шеңберінде болды. Іскерлік кеңестің жұмысына Қазақстан мен Ираннан 200-ден астам компания өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі.

Іс-шараның қорытындылары бойынша екі елдің бизнесмендері шамамен 1 миллиард АҚШ доллары болатын  ынтымақтастық туралы 50 келісімге қол қойды. Оның ішінде құны 304 миллион доллар болатын 9 құжатқа «Бәйтерек» холдингінің тобы мен оның әріптестері қол қойды.

Қазақстандық-ирандық іскерлік кеңестің тең төрағасы, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, «Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты қатынастың белсенді дамуы процесінде екі елдің мемлекет басшылары үлкен рөл атқарды.      

«Бүгін жасалған келісімдердің барлығы ирандық компаниялардың Қазақстан экономикасына инвестиция салуын көздейді. Осыған дейін өткен іскерлік кеңестердің бірінде әуе бағыттары бойынша жекелеген мәселелер көтерілген болатын және біз оларды Қазақстан Үкіметіне жеткіздік. Көлік қатынасының проблемалары жақын арада шешіледі. «Эйр Астана» Қазақстан мен Иран арасында жаңа бағыттарды ашып жатыр. Бұл бізге сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қуандық Бишімбаев.

Инвестициялардың көлемі бойынша ең ірі келісімдердің бірі  - «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен ирандық «Каве Индастри Групп» компаниясы арасында жасалды. Жобаның құны  200 миллион доллар болады. 

«Ол келісім негізінде Қызылорда облысында кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салынбақ. Осы қазақстандық-ирандық жоба Қызылорда қаласындағы шыны зауытын салу жобасының жалғасы болады деп күтілуде. Жақын арадағы перспективада тараптар кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кіріседі»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.     

Хабарламаларға жазылу