Шетелге саяхаттау қауіпсіз бе?
Таяу Шығыстағы жағдай әлемдегі туризмді тежеді. Туроператорлардың айтуынша, қазақстандықтар эскалация аймағына жақын Дубай, Мысыр, Түркияға саяхаттаудан уақытша бас тартып, Азия елдерін таңдап жатыр. Өйткені қауіпсіз деп санайды. Расымен солай ма? Авиасарапшылар не дейді? Жанел Нұрболатқызы зерттеді.
Таяу Шығыста жағдай тұрақтағанша шетелге шықпай, саяхатты қоя тұрыңыз. Авиасарапшылар осылай дейді. Сыртқы істер министрлігі де эскалация аймақтарына сапарға шығудан бас тартуға шақырып отыр. Қазір қақтығыс болып жатқан өңірлерге жақын елдерде саяхат маусымы әдеттегідей қызып тұрған жоқ. Есесіне Азия мемлекеттеріне сұраныс артты. Туроператорлардың айтуынша, әсіресе Таиланд пен Вьетнамға тур алған жерлестеріміз көп.
Аяулым Оразбек, туроператор:
Дәл қазір туризмге сұраныс төмендеді деп айта алмаймын. Себебі бізде Дубай, Катар сияқты тур алып қойған азаматтарға бағытты ауыстырып бердік. Мысалы, Вьетнам, Таиланд деген бағыттарда сұраныс өсуіне байланысты баға өсті. Қазір Вьетнам бағытына қарайтын болсақ, Астана қаласына тікелей рейстер миллионнан асып тұр. Қарапайым отельдердің өзі шарықтап тұр.
Ол рас. Азия елдері Таяу Шығыстан алыс орналасқан, сондықтан қауіпсіз деп санайды көпшілік. Қымбаттап кетсе де, Таиланд, Вьетнам, Балиге билет алып жатқаны содан. Алайда геосаяси ахуал күрделі кезеңде бұл елдерге саяхаттау шынында да қауіпсіз бе? Сарапшылар не дейді?
Абыл Кекілбаев, авиасарапшы:
Таиланд, Вьетнамға туризм дамып жатыр, бірақ авиацияның қалай бұрылатыны әлі белгісіз. Европа мен Азияның арасындағы Каспий теңізі арқылы Еуропаға ұшатын жалғыз бағыт қалды. Европадан Египет жаққа ұшатын рейстер бір коридор ғана қалды. Ол коридор жабылып қалатын жағдайда ұшақтар ұша алмай қалуы мүмкін.
Яғни, әуе кеңістігінде барлық бағыт бір-бірімен тығыз байланысты. Біреуі жабылып қалса, қалғандарына әсер етпей қоймайды. Соның кесірінен қазақстандықтар ұзақ уақыт елге қайта алмай қалуы мүмкін. Мысалы, шымкенттік Томирис Мейірбек Дубайдан Қазақстанға әзер оралды.
Томирис Мейірбек, тұрғын:
Үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген нәрсе болды. 28-і күні қайту керек болғанбыз. Ұшақтың ұшуына бір сағат қалған кезде жарылыс басталды. Үйге келген кезде басқаша, сол кезде еліміздің қадірін түсіндік. Шындықты айтқым кеп отыр осы тұста - көбіне өздері саяхаттап жүргендер далада қалуы мүмкін. Сондықтан өздеріңіз бармаңыздар.
Томиристің өзінде туркод болмаған. Бірақ билетті ресми тіркелген туроператорлардан алғандар елге тезірек оралып жатыр. Эвакуация басталған бір аптаның ішінде Таяу Шығыстан 9 мыңға жуық отандасымыз аман-есен жеткізілді. Желіде біздің азаматтардың кедергісіз қайтып жатқанына қарап, шетелдіктер қызыға бейнежазба қалдырып жатқанын көзіңіз шалған болар.
Тағы бір айта кететін ақпарат, 28 ақпаннан кейін Таяу Шығыс елдеріне билет алғандарға туркод беріліп жатқан жоқ. Ал билет алып қойған болсаңыз, ақшаңызды қайтарып алуға не бағытты ауыстыруға болады. Бірақ Сыртқы істер министрлігі Таяу шығыстан басқа елдерге саяхаттауға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Қалай дегенмен, геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін тур алмас бұрын бәрін жан-жақты саралап алған дұрыс, дейді сарапшылар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы