Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн гектар жерді аукцион арқылы саудалайды.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті. Оның атап өтуінше, 1,7 млн гектар жердің бүгінгі күні 645,4 мың гектары немесе 1271 участок сатылымға дайын.
«Қазіргі уақытта жалға алып отырғандарға жердің кадастрлық құнының 50 пайыздық көлемін 10 жылға бөліп төлеу мүмкіндігімен жеңілдіктер беріледі. Сату үшін аукционға қойылған жердің кадастрлық құны жер учаскесінің бастапқы бағасы саналады», - деді министр.
Ұлттық экономика министрлігі ақпаратына қарағанда, 2 аукцион барысында кадастрлық құны көтеріліп, участок сатылмаса, онда ол үшінші мәрте кадастрлық құнының 50 пайыздық мөлшерімен сатылымға шығарылады.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні 454 жерді пайдаланушы (108,2 мың гектар) жалға алынған ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке алу үшін өтініш берген.