Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың қант қызылшасын өсіруді дамыту туралы өткізген жиыны барысында айтылды.
Жиын басында өңір басшысы А. Баталов қант қызылшасы өндірісін жандандыру Мемлекет басшысының Алматы облысының алдына қойған үлкен міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы тапсырма аясында елді қантпен қамтамасыз етуде жыл сайын өндірілетін қант қызылшасының көлемін арттыру қажет. Бұл орайда мемлекет тарапынан едәуір қолдаулар көрсетіліп, алқаптарды ұлғайту мен қант қызылшасының өнімділігін арттыруға қажетті жағдайлар жасалуда.
«2014 жылы қант қызылшасы 1,2 мың га жерге себілді деп есептелсе, өткен жылы оның егістік көлемі 4 мың 20 га болғанын білесіздер. Одан 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналып, тоқтап тұрған Көксу қант зауыты іске қосылды. Барлық қажетті шаралар қабылданды. Өткен жылғы қант қызылшасын өсіру тәжірибесі істі дұрыс жоспарлап, оң бағыттай білсе, мемлекет қолдауын, мемлекет пен жекеменшік әріптестік тетігін тиімді қолданып, жұмыла жұмыс істей білсе жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетіп берді. Осы бағыттағы жұмысты биыл да жалғастырып, қант қызылшасының алқабының көлемін 6,4 мың гектарға, ал одан алынатын өнім көлемін 220 мың тоннаға жеткізуіміз керек», - деді А. Баталов.
Сонымен қатар, әкім инвесторларды тарта отырып, «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанына тоқталды.