Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңы қабылданды.
«Келісімге екі елдің Қорғаныс министрлері 2015 жылдың 24 маусымында Астанада қол қойған. Оған сәйкес, Қырғыз тарапына өтеусіз негізде атыс қаруларын, патрондарды, түтіндеткіш гранаталар мен құтыларды, С-75 зымыран кешеніне қосалқы бөлшектер мен жиынтықтаушы бұйымдарды беру көзделеді. Қырғызстанның Қойташ елді мекеніне дейін мүліктерді ҚР Қарулы күштерінің жүк көліктерімен жеткізу көзделеді», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Таяу Шығыс пен Ауғанстан аумағында Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін үдерістер даму үстінде. Осыған байланысты Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсету туындап отырған қауіптердің бетін қайтаруға мүмкіндіктерді арттырады.
Тұтастай алғанда, Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсете отырып Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін болады.