Бүгін Мемлекеттік хатшы осы аймақтағы бірқатар медициналық мекемелер мен өндіріс орындарын аралап көрді. Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарының соңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің жетістігім – Тәуелсіздігімнің жетістігі» атты өңіраралық Жастар форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Форумға Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Ресей Федерациясының Орынбор облысынан делегациялар келді. Мемлекеттік хатшы кіріспе сөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың жастарды тәрбиелеуге баса көңіл бөлетінін атап өтті.
«Елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып, олармен дербес жұмыс жүргізуді қамтамасыз ететін тиімді үлгі қалыптасты. Инновация, білім, технология және тәжірибеге бағытталған «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар практикасы», «Серпін» жастар бағдарламалары мен жобалары сәтті жүзеге асырылуда»,-деді Мемлекеттік хатшы.
Форумға қатысушылар жастардың тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін талқылады. Мемлекеттік хатшы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.