Бүгін 31 желтоқсан күні «Kazsport» телеарнасы көрермендермен бірге өтіп бара жатқан 2016 жылдың спорттағы ең қызықты сәттерін еске алады.
Таңғы 8:50-де көрермен назарына мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің «Гран-При» сериясы «Trophee de France 2016» жарысындағы еркін бағдарламалық қойылымы ұсынылады. Аталған сында Денистің бұл маусымдағы ең жоғары көрсеткіші тіркелгені белгілі.
Сағат 10:35-те «Kazsport» на Казахском радио» бағдарламасында қонақта болатын Әлия Юсупова еліміздегі көркем гимнастика мен спорттың дамуы жайлы ой бөліседі.
Сондай-ақ, кәсіпқой бокс көгінде жарқыраған қос жұлдызымыз Геннадий Головкин мен Қанат Исламның таңдаулы жекпе-жектері көрсетіледі. Сағат 10:55-те 2016 жылдың басты бокс кешіне айналған Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы жекпе-жек эфирге шығады, сағат 14:50-де көрермен Геннадий Головкиннің Келл Брукқа қарсы өткізген кездесуін қайталап көре алады.
Сағат 16:50-де «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің теленұсқасы эфирге шығады. «Kazsport» телеарнасының шығармашылық тобы Жаңа жыл қарсаңында көрерменге бірқатар жаңа жоба дайындады.
Сағат 14:20-да 28-Қысқы Универсиада тақырыбына арналған «Медальный счет белых Универсиад» жобасы эфирге шығады. 15:45-те «Феномен GGG» атауымен арнайы репортаж болады. Бағдарламада Головкиннің 2014-2016 жылғы жекпе-жектері мен әлем чемпионының жер-жаһандағы жанкүйерлері туралы айтылады.
Жаңа жыл кешінің тағы бір үлкен жобасы – «Еуропа чемпионатының жаңғырықтары» деректі фильмі. Көрермендер 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қызықтарын тағы бір мәрте еске алады.