Алғашқы жарыс – құнан бәйгеге 21 жүйрік қосылды. Екінші жарыс – топ бәйгеге де 21, соңғы аламан бәйгеге 22 шабандоз қатысты.
Құнан бәйгеде Алматы облысының шабандозы Мейірбек Бөкебаевтың «Риана» жүйрігі мәре сызығын бірінші болып кессе, қостанайлық Қуаныш Өтегеннің «Қара торғайы» екінші орынды иеленді. Үшінші орын – жамбылдық Ақиқат Мұратқанға бұйырды.
Топ бәйгеде Қызылорда облысының шабандозы Диас Жеңістің «Ақтанауы» бас жүлдені иеленіп, оған жеңіл автокөліктің кілті табыс етілді.
Екінші орынды Алматы облысының «Қарлығаш» атты тұлпары еншіледі. Ал, қызылордалық Талғат Ғанидың «Тойбастар» тұлпары үшінші орынға ие болды.
Аламан бәйгеде Маңғыстау облысының Нұрсат Тілектес тақымдаған «Джекпот» сәйгүлігі бас жүлдеге тігілген жеңіл автокөлікке ие болды.
Екінші орынды оңтүстікқазақстандық Нұршахар Сәдуақас алса, ақтөбелік Еркін Тайұстар үшінші орынды қанағат тұтты.
Топ, аламан бәйгелердің 2,3 орындарына және құнан бәйгенің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сертификаттар және медаль, дипломдар табысталды.