Рухани келісім күні, 18 қазанда «Астана Опера» театрының Үлкен залында Дж. Вердидің аса көрнекті туындыларының бірі – «Реквием» ұсынылады. Қуатымен қайран қалдыратын мәнерлі де, жарқын шығарманы орындауға опера сахнасының белгілі шеберлері ат салысады.
Бастың партиясын Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян шырқайды. Мецо-сопрано партиясында – қазақстандық тыңдарманның сүйіктісі Дина Хамзина, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. «Астана Опера» мен әлемнің өзге сахналарында спектакльдердің жетекші партияларын орындайтын Жұпар Ғабдуллина – сопрано партиясында. Мариинский театрынан шақыртылған тенор Михаил Векуа жоғарыда аталған жұлдыздар тізімін түйіндейді. Оның жанды баурап алатын дауысын Испания, Франция, Алмания, Норвегия, Нидерланд, Австрия және басқа елдердің опералық театрларының тыңдарманы тамашалаған. Солардың ішінде, әншінің өткен жылы елордалық «Астана Опера» сахнасында Р. Вагнердің «Нибелунг сақинасы» тетралогиясынан «Рейн алтыны» операсында Логе партиясын (от құдайы) шырқағанын атап өтуге болады.
Әлемді мойындатқан «Астана Опера» театрының атақты хоры мен симфониялық оркестрі бас хормейстер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов пен белгілі дирижер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің басқаруымен өнер көрсетеді.
«Реквием» алғаш рет 1874 жылдың 22 мамырында тамаша хордың, оркестрдің және итальяндық әншілердің қатысуымен Миланда орындалған. Ол кезде дирижерлық тізгінді Вердидің өзі ұстаған. Артынша санаулы күннен кейін «Реквиемді» миландық «Ла Скала» театрында қайта қойып, сосын туынды Парижде, Венада, Петерборда һәм басқа қалаларда үлкен табысқа жетті.
Қайда болмасын тыңдарман «Реквиемді» ыстық ықыласпен қабылдап, жекелеген номерлерін қайталауды талап етті. Вердидің «Реквиемі» В.А. Моцарттың «Реквиемінің» жанында, аталған жанрдағы ең жиі орындалатын шығармалардың бірі.