«Орал» және «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемелері «Каспий теңізі - 2015» І Халықаралық байқауына қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орал» және «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемелері «Каспий теңізі - 2015» І Халықаралық байқауына қатысады

24.07.2015
«Орал» және «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемелері «Каспий теңізі - 2015» І Халықаралық байқауына қатысады

«Орал» және «Сарыарқа» екі зымыран-артиллериялық кемесі теңізге шығады. 

Олар «Каспий теңізі - 2015» І Халықаралық байқауына қатысу үшін тікелей Каспийдің Ресей су айдындарына жүзетін болады.

«Қазір соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Байқауға ұзақ дайындалдық. Біз үшін бұл - тың дүние. Іс жүзінде мүмкіндіктерімізді сынап, қосымша практикалық тәжірибе жинақтаймыз», дейді «Сарыарқа» кораблінің командирі капитан-лейтенант Рустам Жүнісов.

«Каспий теңізі - 2015» - Халықаралық байқауы Каспий маңы елдері Әскери-теңіз күштерінің алғашқы сайысы. Байқау 1 тамыздан 15 тамызға дейін жалғасады.

Теңіз биатлоны үш кезеңнен тұрады. Біріншісі - «Каспийлік құнан жарысы». Мұнда теңіз жаяу әскері бөлімшелерінің әскери қызметшілеріне берілген бағдарды барынша жылдам өту, теңізде және жағалауда нысаналарды сәтті жою қажет.

«Каспий Кубогы» атты екінші кезеңге төрт елдің суүсті корабльдерінің экипаждары қатысады. Олар берілген бағдар бойынша шағын өлшемді теңіз және әуе нысаналарын, жүзбелі миналарды жою бойынша жауынгерлік жаттығуларды орындайды.

Үшінші «Спорттық» кезеңі әскери қызметшілердің дене даярлығын айқындауға бағытталған. Теңіз жаяу әскері бөлімшелері мен суүсті корабльдері экипаждарының жеке құрамына 100 метрге еркін стильде жүзу, гір спортында сайысу, бөлімше құрамында 5 шақырымға жүгіру, арқан тарту секілді нормативтерді тапсыру қажет.

Барлық үш кезең нәтижелері бойынша үздіктер медальдармен және байқау Кубогымен марапатталады.

 

Хабарламаларға жазылу