Қазақстанның Теңіз-әскери күштері «Каспий теңізі – 2015» байқауында екінші орын иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның Теңіз-әскери күштері «Каспий теңізі – 2015» байқауында екінші орын иеленді

08.08.2015
Қазақстанның Теңіз-әскери күштері  «Каспий теңізі – 2015» байқауында екінші орын иеленді

«Каспий теңізі – 2015» байқауының алғашқы нәтижелері белгілі болды. Алғашқы әскери атыстың нәтижесі бойынша қазақстандық «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесінің экипажы  екінші орынға ие болды. Біздің құраманы  аз ғана басымдықпен «Град Свияжск» кеміндегі ресейлік теңізшілер басып озды.  Ал, үшінші орында әзірбайжандық «G-124».

Жеребе тарту әдісі бойынша алғашқы болып сайысқа түскен – қазақстандық команда еді. Екінші ресейлік, үшінші әзірбайжандық теңізшілер жарысқа кірген. Ережеге сай әр кеме берілген маршрут бойынша 12 торап жылдамдығында бір айналып өтуі керек болатын.

Содан кейін белгі бойынша күту ауданынан жауынгерлік жаттығуларды орындау секторына көшіп, жарқырағыш авиациялық бомба түріндегі әуе нысанасын, жүзбелі мина мен шағын көлемді теңіз нысанасын барынша дәл жоюды жүзеге асырады. Оқ атуларды аяқтап, мәре шебіне көшеді.

Тапсырмаларды орындау барысында біздің теңізшілер мина макетін ату кезінде үздік нәтиже көрсетті. Олар нысананы төрт рет дәл көздесе, ресейліктер үш рет, ал әзірбайжандықтардың оғы нысанаға тимеді.

Айта кету керек, бұл конкурстың алғашқы көрсеткіші ғана. Каспий теңізіндегі сайыс жалғасуда.

Хабарламаларға жазылу