Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған Ғабит Мүсірепов жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіріп, Қазан төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарады.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда, қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.
Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Үш мәрте Ленин орденімен және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Бүгін 17.00-де «Ұлт мақтанышы» хабарынан қаламгердің өмірі мен шығармашылығы турасында толығырақ біле аласыздар.