Ақсу қаласында «Тіл - достық құралы» атты Қазақстан халқының тілдер мерекесіне арналған Ақсу қаласы мен ауылдық аймағының және Павлодар облыстық этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық фестивалі өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Айтулы шара Ақсу өңірінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан азаматтар мен ұжымдарға қала әкімінің алғыс хаттарын табыс етуден басталды. Көпшілікті тіл мерекесімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясының Ақсу қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айдос Оразалин салтанатты кештің марапаттау рәсімін өткізді. Аталмыш марапатқа ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, республикалық «Тіл дарын» үш тұғырлы тіл байқауының жеңімпазы Әсел Асқапова, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Зоя Кулик, украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Калюга, неміс этномәдени бірлестігінің неміс тілі мұғалімі Алена Стародубцева, «Ақсу толқыны» радиохабары редакциясының ұжымы және бірнеше облыстық, республикалық көркемсөз байқауларының жүлдегері, С. Дөнентаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Кәкім Бәкіжан ие болды.
Бұл кеште көрермен қауым Павлодар қаласының фольклорлық-этнографиялық «Әл-Әки», Достық үйінің «Полония» облыстық поляк қоғамы, «Эльбрус» кабардино-балкар, татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері мен Ақсу өңірі өнерпаздарының концертін тамашалады.