Ақтаулық дәрігерлер 7 айлық сәбиге күрделі ота жасады. Облыс орталығына Бейнеу селосынан санавиациямен жеткізілген нәрестенің ішінде аса үлкен ісік пайда болған.
Ауруханаға ауыр жағдайда түскен қыз баланы мамандар жан-жақты тексеріп, «туа бітті асқазан ішек жолдарының ақауы» диагнозын қойды. Яғни іш құрылысы қалыпты жұмыс істемейтін нәрестенің дәреті дұрыс жүрмей, іші ісіп кеткен. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы ота жасап, сәбиді аман алып қалды.
Жәнібек Теміров, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігері:
Операцияда туа болған асқазан ішек жолдарының ақауы, кистозды, яғни, қосарланған тоқ ішектің потологиясы анықталуына байланысты жедел ем жүргізілді. Операциядан кейінгі жағдайы да өте ауыр, керекті шаралар реанимация бөлімінде жүргізілді. Қазіргі кезде науқас сәбидің жағдайы тұрақтанып, салмақ қосып, қанағаттанарлық жағдайына байланысты үйіне шығарылып жатыр.
Аягөз ОРАЛБАЙ