БҚО-да жас кәсіпкер мал санағын жүргізетін мобильді қосымша ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да жас кәсіпкер мал санағын жүргізетін мобильді қосымша ойлап тапты

02.04.2019

Шалғай ауданда шаруалар дронмен мал бағып, сандық технологияның игілігін көріп келеді. Үкіметтен грант алып, ауыл шаруашылығы саласында стартап жобаларын дамытып отыр.

Саян Баетов – IT саласының білгірі. Үш жыл бұрын Алматыдан туған жеріне оралды. Қаладан далаға келген жас тың идея ала келді. Мәселен, Саянның сиырлары қос сырғалы. Бірі – мемлекеттікі, екіншісі – шетелдік. Соңғысы мал санағы үшін қажет.

Саян Баетов, кәсіпкер:

- 2-3 метр жерден сырғасы көрінеді. Сосын смартфон арқылы санап, қайсысы жоқ екенін анықтаймыз. Тағы бір пайдасы – әр сиырдың тиімділігі жөнінде біліп отыруға болады.

Өнертапқыш енді бұл қосымшаны Google Play Market пен App Store-ға сатуға шығармақ. Кез келген адам жүктеп алып, қолдана береді. Бұл - бірақ Саянның екінші жобасы.

Саян Баетов, кәсіпкер:

- Ізденіп, бизнес жоспар жасадым. «Дамуға» апардым. Ақшасына құрылғы сатып алдым.

Саян секілді аудандағы 500-ден астам қожалық өкілі ептеп сандық технологияға көшіп келеді. Бүгінде 96 қыстақта күн панелі орнатылған.

Жас кәсіпкер үш тіл біледі. Есепке жүйрік. Келешекте айына 2 млн теңге табыс табамын деп мақсат қойған. Әлеуметтік желіде өзі секілді жас кәсіпкерлерге кеңес береді, тәжірибесімен бөліседі. Болашақ осындай азат ойлы, тың идеялы жастардыкі екеніне анық сенесің.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу