Жақұт мекен саналатын Жетісу атырабы көздің жауын алатын көркі мен көк майсалы, сылдырай аққан өзен-көлімен, төрт түлік төлімен бай. Табиғаты талассыз, жұмыр басты пендені сұлулығына тәнті етпей қоймайды. Экономикасы да ентіккен емес, екпінін түсірмей келеді. Тұтастай алғанда Алматы облысы бүгінде Астана мен Алматыны өкшелей қуып, өркендеп келе жатқан өңір. Сондықтан, шекаралық аймақта шағын және орта кәсіпкерлік - экономиканы өрге сүйрейтін серпінді салаға айналуы тиіс. Осы аптада мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Талдықорған қаласындағы кәсіпкерлер үйінде бизнес өкілдерімен кездесіп, өңірде жүзеге асып жатқан жаңа жобалардың жайымен танысты. Сосын жаңадан ашылған Салтанат сарайына да соғып, артынша өңірде салынып жатқан түрлі құрылыс нысандарын көрді.
Айдос ӘШІМҰЛЫ