Зайсан көлін жағалаған халық балық аулай алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зайсан көлін жағалаған халық балық аулай алмай отыр

26.02.2017
Ауыл жұрты жеп отырған нанынан айырылған соң, құзырлы мекемелердің есігін қағып, көмек сұраумен жүр.

Өзен жағаласа да, өзгені жағаласа да, өзегі талып өз ауылының іргесіндегі көлден балық аулай алмай отырған ел бар Шығыста. Бұл облысқа қарасты Байтоғас ауылының халқы өмір бойы Зайсан көлінің балығын аулап күн көріп келген. Ал қазір қандай да бір себептермен көлдің оларға тиесілі бөлігінде балық аулауға тыйым салынған.

Ауыл жұрты жеп отырған нанынан айырылған соң, құзырлы мекемелердің есігін қағып, көмек сұраумен жүр. Әзірге билігі бар бектерден «қарап жатырмыз» дегеннен өзге мардымды жауап жоқ. Көлдің өзге бөлігіндегі балықшылар заңды түрде балығын ұстап, бақуатты тірлік етуде.

Бірақ, дәл осы ауылдағы участок не өздеріне, не өзгеге бұйырмай тұрғанына 5 жыл болды. Елбасы жолдауын ести сала, халық ауыл шаруашылығы кооперативін құрып қойған. Техникалары түгел, тіпті балық қабылдайтын зауыттарына дейін салған. Бірақ, балық болмаған соң, зауыт та қазір қаңырап тұр.

Күнкөріс үшін халық еріксіз «броконьерлікке» баруға мәжбүр. Оның да қауіп-қатері көп. Осылайша, ауыл халқы «өлмегенге өлі балық кезігер», деп күнелтіп жүр.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу