Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

15.02.2015
Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Жанталасқан жаһандағы күрделі жағдайларды көріп-біліп отырған біздің жұрттың «ұйқылары тыныш» болғанымен, көңілдерінде бәрібір алаң жатқаны анық. Сондықтан, қалың көпшіліктің кешегі сәрсенбіні күтпегені кемде-кем.

Ақпанның он бірінде Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Баршаны толғандырған басты сауал – теңгенің алдағы тағдыры мен елдегі экономикалық ахуал.

Кейінгі күндері экономикалық дағдарыстың қамыты біз секілді дамушы елдер түгілі, дамыған елдердің де мойындарын қажап барады. Жер-жиһанның экономикалық тынысын тамыршыдай тап басып білетін сарапшылар осы жолғы қаржылық қиындықтың себебін там-тұмдап болсын айтады, бірақ салдары туралы нақты білері жоқ.

Батыстың Ресейге салған санкциялары, мұнай бағасының арзандауы, Ресей рублінің күрт құлдырауы – қанша дегенмен, біздің экономикаға да теріс әсерін тигізуі мүмкін.

Дегенмен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл күдікті сейілткендей болды. Ә, дегеннен «Қазақстанда дағдарыс жоғын» мәлімдеді.

Алайда, «жағдайымыз жақсы екен» деп той-томалақ қуып, мал шашып, ысырапқа салынатын кез емес. Сондықтан, Үкімет қазына қаржысын үнемдеуге көшпек. Бюджеттің 700 миллиард теңге шығыны қысқаратын болды. Ал, әлеуметтік салаларға бөлінген қаржы еш қысқармайды.

Биылғы қой жылының   жаһан үшін жайлы жыл боларына еш  кепіл жоқ. Геосаяси текетірестен  қазірдің өзінде Еуропа елдері 25  миллиард доллар, іргедегі Ресей 41 миллиард доллар қорын  жоғалтты. 

Әлемдік ауқымдағы өзгерістер табысы жаһандық саудаға байлаулы елдерді әбден  әуре сарсаңға салды. Біздегі билік Қазақстан  экономикасының ешқашан кері шегінбейтінін сеніммен айтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келеңсіздіктер сыртқы нарықтың әсерінен. Қазақстанда дағдарыс жоқ. Іште дағдарыс жоқ, біз жедел шараларды қолға алдық.

Алыс-берісі сыртқы саудаға  тәуелді  бір өңірді мысал етсек. Павлодар облысында кейбір  кәсіпорындардың өнімі   өтпей тұр қазір. Өйткені, көрші ел  өзі  қысылған  соң өнімді алмай отыр.      

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

Өңірдің тауар айналымының 65 пайызы  Ресей нарығына тәуелді.  Рубльдің  құнсыздануынан өткен  жылдың соңында-ақ, кәсіпорындар қиындықты сезіне бастады.  Екібастұздың  1-ші  зауыты  көрші елге энергия жеткізуді тоқтатты.

Биыл бір емес, ондаған, одан да көп  кешенқұраулы,  энергетика, металлургия саласындағы  кәсіпорындардың   өнімі   баяу саудаланады. Жаһанда сұраныс кеміп кетті.  Енді бір салалар  күтпеген жерден  құлдырай бастады.  Үкімет  жедел араласып, қолдау шараларын қолға алмаса, оңалу оңайға соқпайды. 

Әсет Исекешев, ҚР Инвестиция және даму министрі:

Автокөлік  өндірісі  қиындықтарға  тап болды. Екі айда  50  мың  көлік  әкелінді. Бұл бір жылдың  үлесі  еді.  Соңғы айда сауда-саттық  тіптен екі есе төмендеп кетті.

Біз үшін шешулі сала – әрине, энергетика.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Мұнайға келсек,  жаһанда  қара алтын бағасының құлдарауынан   биыл елдегі  мұнай өндіретін   компаниялардың  барлығы  шығындарын қысқартады. Наурыз айында компаниялар ағымдағы инвестициялық шығындарын тағы  азайтады. 

Кәсіпорындар шығындарын азайтып, үнемдей бастағанда, елде жұмыс  орындарының  саны қысқарады.  Сондықтан, Үкімет мүшелері жуырда  шұғыл аймақтарды  аралап қайтты. 

Үлкен кәсіпорындар,  жергілікті бизнес өкілдері, әкімдермен бірге отырып ақылдасты.  Нақты  қанша  адам жұмыстан босауы мүмкін?  Сарапшылардың болжамы жөнінде Бердібек Сапарбаев былай дейді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Сарапшылар  120 мың  адам жұмыстан  босауы мүмкін, дейді.  Бұл  фактор аймақтарда жүйелі  жұмыс жасалуы  қажеттігін  көрсетеді.  Әкімдер 15 ақпанға дейін  жұмыссыздықтың  алдын алуға бағытталған кешенді жоспарларын бекітеді.

Аймақтағы бизнес билікпен арадағы диалог кезінде бірқатар жеңілдік сұраған. Олар уақытша тарифтерді төмендетуді, қарыз беру көлемін ұлғайтуды, несие  алу талаптарын жұмсартуды,  қарызды қайтарудағы  үстемені  азайтуды сұрап отыр.

Үкімет мүшелері талап-тілектерді тыңдай келе  жаңа шешімге келді. Бұған дейін қабылданған  «Нұрлы жол» бағдарламасы   толықтырылатын болды. Құжат  енді  дағдарысқа қарсы шараларды қамтиды. Оның ішінде отандық бизнесті  қолдау тетіктері ойластырылады.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бүгін Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа іс-шаралармен толықтыру жөнінде тапсырма бердім. Бұлардың қатарында отандық машина жасау саласын және  экспортшыларды қолдау, шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін инфрақұрылымдар жүргізу, АӨК-ні мемлекеттік қолдауды ұлғайту, ішкі нарықты қорғау шаралары және басқа да бағдарлар бар. 

Алайда, биліктің де бизнеске  - қояр шарты бар.  Халқының  қамын ойлайтын  кәсіп иесі, кәсіпорын қожайыны жұмыс орындарын сақтап қалса, жарады. Елбасы  осы аптада инвесторларды, ірі бизнес қожаларын  қарапайым жұмысшылардың қамын ойлауға  шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұмысшы үшін ең маңыздысы – жұмыс орнын сақтап қалу. Мұны мен жұмысшы ретінде айтып отырмын. Қосымша табыс табу үшін оларды уақытша басқа жаққа жіберуге болады, егер ол өз еркімен кетсе, онда еш мәселе жоқ. Бірақ, мен барлық компания басшыларына айтамын: егер өндірісті төмендетуге мәжбүр болсаңдар,  қызметкерлерді жұмыстан қысқартпай, басқа амалын табуға болатын шығар. Жұмысшы үшін, оның отбасы үшін – бұл өте маңызды.

Қиын-қыстау кезде халыққа сүйеу болатын  әрине, «Нұрлы жол» бағдарламасы   Ерте көктемде елде ауқымды жол құрылысы басталады. Орталықтан аймақтарға  тарам-тарам    жолдар  тарайды. 

Жұмыссыз қалған көп ең алдымен сол құрылысқа тартылады. Елбасы  қаржы құрылымдарына бағдарламаны  қаржыландыруды тездетуді тапсырды. Тиісті қаражат бір айдың ішінде мақсатына қарай жұмсала бастайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бағдарлама Астанадан «шұғыла қағидаты бойынша» тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық қордан 2015-2017 жылдары 500 миллиард теңге бөлінеді, соның 180 миллиард теңгесі биыл пайдаланылады.

Алайда, биліктің тағы  бір қатаң талабы бар. Жол құрылысына  тек отандық кәсіпорындар жұмылдырылады. Жұмысты өз жұмысшыларымыз орындауы керек.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаймыз. Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы керек.

Қиындықтарды ескере келе  Үкімет  шығындарды   барыншы ықшамдайтын болды.  Республикалық  бюджет он пайызға қысқарады. Шамамен 700 миллиард  теңге үнемделеді. Қатаң  үнемдеудің  әлеуметтік міндеттемелерге еш қатысы жоқ.

«Самұрық-Қазына»   шығыстары 337 миллиард теңгеге,  «Бәйтерек» холдингі әкімшілік сипаттағы шығыстарын және күрделі   салымдарын 3,8 миллиард теңгеге   оңтайландырады.  

Министрліктер, мекемелер, холдингтер мен жергілікті атқару органдары жиыны  4 миллиард доллар  үнемдейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен барлықтарыңызды бюджетке қатысты мемлекеттік шешімдердің түп-тамырын дұрыс түсінуге шақырамын. Бұл – мәжбүрліктен қабылданған уақытша шара.

Халықты  алаңдатқан тағы бір мәселе - Ұлттық банктің қаржы саясатына қатысты алып-қашпа әңгіме.  Үкімет Ұлттық валютаның  бағамын ұстап тұруға қауқарлы ма, болмаса  доллар қымбаттай ма?  

Елбасы  Ұлттық банк төрағасына  жаңа  тапсырма берді. Қаржы  құрылымы  енді экономикадағы доллардың үлесін азайтуға күш салады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлттық банкке теңге ликвидтілігінің қосымша көлемін ұсыну жөнінде шара қабылдауды және ел экономикасын долларсыздандыру жұмысын жандандыруды тапсырамын.

Елбасы   қаражатты доллармен сақтап  отырған ірі кәсіпорындарға айырбасты теңгемен жүргізуге шақырды. Бұл қаржы нарығында теңгені күшейтуге сеп болатын қадам.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Ұлттық банкке сенемін. Мұндай қиын кезеңде біз жауаптыларды жауапкершілікке тартуымыз қажет. Мен Қазақстан халқына тағы қайталап  айтамын, біз ештеңені де жасырмаймыз. Барлық қиындықты халықпен бірге жеңеміз. Қаңқу сөздерге емес, ресми тұлғалардың айтқанына сеніңіздер. Тіпті, келеңсіздіктер болған жағдайда, халықтың салымы сақтандырылатынын білесіздер.

Үкімет  әлеуметтік міндеттемелерді қысқартқан жоқ, бірақ кейбір мәдени  болмаса  халықаралық басқосуларды ұйымдастырудан да уақытша бас тартады. Кейбірін  кейінге қалдыруы мүмкін.

Ресеймен арадағы сауда-саттыққа қатысты мәселе   де көп кешікпей бір жақты болады.  Қазір  екі ел арасында  3  жұмыс тобы құрылып,  өзара тиімді шешімдерді  іздестіріп жатыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұның Еуразиялық экономикалық одақпен еш байланысы жоқ. Иә, Ресей қазір қиын кезеңде тұр. Ресеймен бірге біздің де жағдайымыз қиындау.  Еуропа 25 миллиард долларын, Ресей 41 миллиард долларын жоғалтып отыр. Ресейдің бұл кезеңнен абыроймен шығады деген үміттемін.  Яғни, бұл уақытша жағдайды шешу керек. Мен Ресей президентімен келіссөздер жүргіздім. Кәрім Мәсімов Медведевпен кездесіп келді. Біз бұл сұрақтардың жауабын табамыз. Осы мәселені бастап отырған  10-15 мекемемен де келісетін боламыз. 2-3-ші тоқсанда жағдай теңеседі.

Ұлттық қор  қаражатының тиімді жаратылуын арнайы комиссия бақылайды.   Бірақ, халық   үшін қиын  кезде  қор  үлесінің мақсатсыз таратылуы шенеуніктерге  абырой әкелмейтін іс. Елбасы мұны мықтап ескертті.  Тіпті ащы мысал да келтірді.    

Жұмыс орындарын азайтып алмас үшін,  қазына қоры  артық  шығындалмасын деп Үкімет қазір ізденіс үстінде. Өйткені, қазір арқаны кеңге салатын  кез емес. Ахуал босбелбеулікті, салғырттықты көтермейді.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу