Италия президенті парламентті таратып, сайлауға жол ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италия президенті парламентті таратып, сайлауға жол ашты

29.12.2017

Италия президенті Серджо Маттарелла парламентті өкілеттігі аяқталғаны үшін таратып, сайлауға жол ашты. Халық жаңа депутаттарды наурыздың 4-де таңдайды. Бірақ, болжамдарға қарағанда, келесі парламент «қыл үстінде» тұрады. Өйткені, онда ешқандай партия басымдық байқатпай, үкімет құра алмай, сайлауды тағы да өткізуге тура келуі мүмкін.

Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, алдағы үгіт-насихат науқанында африкалық Сахарадан келіп жатқан мигранттар көшін шектеу, бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыз, салықты төмендету мәселелері негізгі тақырыпқа айналады. 

Тағы бір айта кететін жайт, қазір Италияда «Бес Жұлдыз Қозғалысы» атты партия саясат сахнасына көтеріліп келеді. Оның басты ұстанымы – елді Еуропа одағынан шығару жөнінде референдум өткізу. 

Кристиан Бласберг, Еуропа істері жөніндегі сарапшы:

 - Олар бұл үшін интернетті, соның ішінде, ғаламтордағы қауымды пайдаланбақ. Еуропа одағына күмән келтірушілерде өзге партиялардағыдай классикалық бағдарлама жоқ. Олар әрі қарай не істеу қажеттігін халықтың айқындауына мүмкіндік берейін деп отыр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу