Гендерлік саясат пен әйелдердің қоғамдағы рөлі. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумының төрағасы, Жапония Парламенті Кеңесшілер палатасының депутаты Кейдзо Такэмимен кездесуінде осы мәселені талқылады. Мемлекеттік хатшы жапониялық дипломатты елімізде бұл бағытта атқарылып жатқан шаралармен таныстырды.
Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайтуға баса назар аударылғанын атап өтті. «Бүгіндері елімізде шағын және орта бизнестің тең жартысы әйел затына тиесілі. Билік пен саясаттағы да әйелдердің рөлі жыл сайын артып келеді», - дейді Мемлекеттік хатшы.
Парламентарийлердің Азиялық форумының төрағасы Кейдзо Такэми болса, әйелдердің құқығын қорғау мәселелері ұйымның ең басты бағыты болып қала беретінін жеткізді.
Альбина ӘШІМ