Тоқтап қалған кәсіпорындар қайта іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқтап қалған кәсіпорындар қайта іске қосылды

25.07.2014
Тоқтап қалған  кәсіпорындар қайта іске қосылды

Кезінде тоқтап қалған бірнеше кәсіпорын қайта іске қосылды. Оның бірі - Ақмола облысындағы ет өңдеу комбинаты, екіншісі - Жамбыл облысындағы Хантау цемент зауыты.

Кәсіпорынның қайта жаңғыруына түрткі болған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен оған қарасты «Қазақстан инвестициялық қоры» акционерлік қоғамы.

Аталған өндіріс ошақтары жаңаша қарқынмен іске кірісіп, қосымша жұмыс орындары ашылды.

Хантау цемент зауыты 2007 жылы салына бастады. Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан Даму банкі» 30 миллион доллар бөлген-ді.

Алайда, түрлі себептермен кәсіпорын цемент шығара алмады. «Қазақстан инвестициялық қоры» ұзақ келіссөздерден кейін «Юг Цемент Строй» компаниясымен келісімге қол жеткізді.

Инвестор жобаға жан бітіру үшін қосымша қаржы бөліп,  өнім шығарыла бастады

Ерлан Айталиев, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы:

1-шілдеден бастап, кәсіпорын цемент өндіруге қажетті клинкер деп аталатын шикізат шығара бастады. Екі аптада осы клинкер шикізатын шығарудың өндірістік қуатына көшеді.  Ары қарай цемент өндіре бастайды. 250 жаңа жұмыс орны ашылады.

Зауытта цемент құрғақ тәсілмен өндіріледі. Яғни, шикізатты өңдеуге отын екі есе аз жұмсалады, экологиялық тұрғыдан да тиімді.

Балғын Қуатов, оператор:

Мамандық алып, осы зауытқа келдім. Зауыт жұмысы толығымен автоматтандырылған.

«Бәйтерек» холдингі мен тұралаған кәсіпорындарға тиянақты инвестор издейтін инвестициялық қордың көмегімен тағы бір кәсіпорын Ақмола облысы Щучье қаласында іске қосылды.

Кәсіпорын 7 жыл бұрын «Қазақстан Даму банкінен» 15 миллион доллардан астам қаржы алып, басқарудың біліксіздігінен тоқтап қалған. 

Инвестициялық қор мәселені шешу үшін «KazBeef Ltd» серіктестігімен мәмілеге келді. Сөйтіп, серіктестік жобаға 30 миллион теңге қаржы құйып, комбинатты іске қосты.

Қазір мұнда тәулігіне 30 сиыр сойылып, ет өңделеді. Қазірдің өзінде өнімдер Астана мейрамханалары мен қонақүйлеріне жеткізілуде.

Бейбіт Ерубаев, «Kazbeef LTD» ЖШС директоры:  

 Австриядан келген кеңес беруші  жаңа өнімдерді алып келді. Мысалы, шұжықтың бірнеше түрі бар екен. Сол кісімен жұмысты жалғастыра береміз. Әлемдік стандартқа сәйкес келу мақсатын қойып отырмыз.

Осылайша, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен оған қарасты мекемелердің іскерлігінің нәтижесінде тұралап қалған кәсіпорындар қайта жандана бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. 

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу