Алматыда көшелердің ортасын бөліп тұрған темір қоршаулар түгел алынады. Оның орнына қаланың көркіне сән беретін ағаштар егіледі. Былтыр «Қоршаусыз қала» жобасы бойынша мекемелердің сыртындағы темір шарбақтар түгел алынған. Бұл алып шаһарды ажарландыра түсті. Ал, жолдың бойындағы темір шарбақтар жолды кез келген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілер үшін оңтайлы болғанымен, көлік жүргізушілері үшін қауіп тудыруы мүмкін. Жалпы, мегаполисте жаяу жүргіншілердің жол жүру мәдениеті қалыптасқан ба?
Мынау қала тұрғындары түсіріп алған бейнетаспа. Мегаполистің ең үлкен даңғылына қауіпсіздік үшін орнатылған темір шарбақтар шетінен алынып жатыр. Бұл бастама тұрғындардың наразылығын туғызған.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
Әл-Фараби даңғылының бойындағы алынып жатқан темір қоршаулар осы Ходжанов көшесінен батысқа қарай алынбайды. Себебі, дәл осы жерден бастап жолды бөліп тұрған жолақтың ені тарыла түседі. Ал, мына жолдың бойынан алынған темір қоршаулардың орнына ағаш егіледі. Бұл біріншіден жолды бөліп тұруға пайдасын тигізсе, екіншіден, ол жерге өскен ағаш қаланың ауасын тазартуға, яғни, экологияға пайдасын тигізеді.
Кейінгі жылдары тұмса табиғаты бұзыла бастаған қаланы қайта қалпына келтіру үшін түрлі шаралар қолға алынған. Алайда, ақпараттық түсіндіру жұмыстары кем түскендіктен, бұл жобаларға жергілікті тұрғындардың тарапынан қарсылық бар.
Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:
Әл-Фараби даңғылының бойындағы қоғамдық қауіпсіздікті, жол ережесінің сақталуын қадағалайтын экипаждардың саны екі есе көбейді.
Тәртіп сақшылары сақтық шараларын күшейтті. Десек те, қала тұрғындарының жолда жүру дағдысы әлі толық қалыптасқан жоқ. «Өйткені, әл-Фараби даңғылында жаяу жүргіншілер үшін жерасты жолы мен аспалы көпірлер салынғанымен, жастар бастарын қатерге тігіп, жоғары жылдамдықпен жүріп жатқан көлік ағынына қарамай, жолды кесіп өтеді. Міне, осындай асығудың соңы кейде қайғылы жағдаймен аяқталады», - дейді мамандар.
Олжас Асқарбекұлы, Жасыл экономика басқармасы Жасыл қорды реттеу бөлімінің басшысы:
әл-Фараби даңғылының бойында Желтоқсан көшесі мен Ходжанов көшесі аралығында 700-ден астам жасыл екпе егіледі. Бұл жұмыстар сәуірдің 10-ы күні аяқталады.
Биыл Алматыда 10 мыңнан астам ағаш егіледі. Болашақта басқа да көшелерді бөліп тұрған темір қоршауларды түгел алып, көше бойындағы жасыл желекті көбейту жоспарда бар. Ашық қоғамдағы жаяу жүргіншілердің мәдениеті қалыптасса, игі бастама ашық қала жобасын жүзеге асыруға сеп болмақ.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ