Астанада көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр

13.03.2019

Наурыздың үшінші он күндігінде Астанада ауа райы күрт жылынуы мүмкін. Төтенше жағдайлар қызметіне «Қазгидромет» осындай ақпарат берген. Қазір мамандар көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына кірісті. Сонымен, Астанада еріген қар суынан келетін қауіп бар ма? Оны болдырмау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Астана арқылы ағатын өзендердің ішінен Сарыбұлақ арнасынан асуы мүмкін деп болжанған. Тазаланбай, талай жыл қараусыз жатты. Жергілікті билік биылдан бастап, өзеннің арнасын тазалауға кірісті.

Марғұлан Аманбаев, Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы:

- Көкшетау жақтан, қырат жерлерден еріген қардың суы Астана ішімен осы Сарыбұлақ каналы арқылы Есіл өзеніне барып құйылады. Бұл жерде бұрын дамба болған. Қазіргі кезде дамбаны алып, канал жасалып, канал арқылы су өтеді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Бұл жерде бұрын шағын ғана арық болатын. Қазір оның тереңдігі де жағасы да кеңейтілді. Байқасаңыздар, қазір менің бойымнан екі есе биік. Мамандардың айтуынша бұл өзен енді астаналықтарға қауіп төндірмейді.

Келесі кезек қала ішіндегі суағарларда. Жер үйдің тұрғындары оларды күл-қоқыспен толтырып тастаған. Сондай-ақ, жеке үй иелеріне ауласындағы қарды көшеге шығарып тастауға кеңес берілуде.

Еркін Отарғалымұлы, Астана қаласы Байқоңыр ауданы Төтенше жағдайлар қызметінің бастығы:

- Арықтарды қазір тазалау жұмыстары жүргізілуде. 9 мыңнан астамы тазартылды. Бұл жұмыстар осы наурыздың 20-на дейін бітуі тиіс.

Осы қыста Астанадан 3 миллион текше метрге жуық қар шығарылған. Қазір Астана су қоймасында 240 миллион текше метр су бар. Бұл тоған сыйымдылығының 60 пайызы ғана. Яғни, мамандар биыл елорданы су басу қаупі жоқ деп сендірді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу