Атыраудағы балабақшалардың бірінде асық теңдессіз тәрбие құралына айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы балабақшалардың бірінде асық теңдессіз тәрбие құралына айналды

15.01.2019

Мамандар бұрын-соңды асық терапиясында жоқ, жаңа әдіс тәсілдерді ойлап тапқан. Осылайша, балғындарды бірегей дәстүрге баулып келеді. Тың бастама тиісті сараптамадан өтіп, жан-жақты зерделенген. Қанатқақты жобаға аймақтағы өзге де бөбекжайлар қызығушылық танытуда.

Балабақшада асыққа негізделген 40-тан астам ойын түрі бар. Тәрбиешілердің ықпалымен 100-ге жуық көрнекілік құралы жасалған. Мұнымен балалардың ақыл-ойын жетілдіре отырып, есепке, дене тәрбиесі мен бәсекеге қабілетті болуға баулиды.

Светлана Салықова, балабақшаның тәлімгер педагогы:

- Бұл - балалардың кеңістікті ажыратуына арналған ойын. Жоғары, төмен, сол жақ және оң жақ бағытын осы асық ойыны арқылы ажырату балаларға өте қызықты.

Жандос Темірғалиев, тілші:

- Ал, мына ойынның ережесіне сай, біз құмның арасынан алтын асықты табуымыз керек. 

Балабақшада қазір 4000 мыңнан астам асық бар. Осынша көп асықты жинауға ата-аналар мен педагогтар атсалысқан.

Гүлбану Қонаева, балабақша директоры:

- Әр топта «Асықты кім көп жинайды?» деген конкурс өткіздік. Топтарға асық жинауға оюлы жәшіктер қойдық. Міне, осы асық жәшіктерге ата-аналар келіп, өздері жинай бастады.

Жаңартылған мазмұндағы тәрбие әдісіне алдымен ата-аналар риза. Балаларының смартфоннан гөрі, асыққа құмары артқанын жөн көреді.

Айнұрым Мұқанова, ата-ана:

- Қазақылыққа тәрбиелейді. Бір жағынан денсаулыққа да пайдалы. Неге десеңіз, қазір балалар телефон пайдаланады. Енді бала үйінде телефонды көп пайдаланбайды. Көбінесе, осы асыққа қарай өте жақын болып келе жатыр. Осы жағдай бізді қуантады.

Басты мақсат - асықты ұлттық брендке айналдыру. Сол себепті, балабақша ұжымы тың әдіс тәсілдердің ауқымын кеңейтіп, асық санын 10 мыңға жеткізбек.   

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу