Салық жүйесінде шикілік көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салық жүйесінде шикілік көп

04.12.2018

Әсіресе, қарыз мөлшерін онлайн тексеруде мәселелер бар. Сайтта берешек көрінбегенмен, мекемеге барсаңыз, әр теңгесін есептеп береді. Бұл тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып отыр.

Нұрсұлтан Махметовтың Астанаға көшіп келгеніне көп бола қойған жоқ. Осыдан ай бұрын баспана сатып алмақшы болады. Сапасы мен бағасы талабына сай келгенін тапқан ол бірден құжат рәсімдеуге кіріседі. Бар гәп осы тұста басталған.

Нұрсұлтан Махметов, қала тұрғыны:

Құжат жинап жүрген кезде сайт арқылы салықты тексердім. Ешқандай салық шыққан жоқ. Кейін пәтер сатып алуға несие алмақшы болғанда шықты. Содан соң барып төлегенше, үй иесі пәтерін сатып жіберген. Енді сол бағада пәтер таба алмай жүрмін.

Оның айтуынша, тіркеуі Астана емес, түпкірдегі ауданда болғандықтан, қарызы сайтта көрінбеген. Тек тұрғылықты жері бойынша ғана нақты ақпарат алуға болады. Бұл сұрақ бойынша Кірістер комитетінің мамандары ортақ базаның ойдағыдай жұмыс істеп тұрғандығын айтты.

Олжас Отар, Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы:

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты арқылы, болмаса Үкімет порталының арнайы сайты арқылы кіріп, өзінің қарызы бар-жоғын біле алады. Бүкіл Қазақстанға ортақ база бар.

Ал, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары салық жүйесінде әлі де жетілдірілуі тиіс тұстардың бар екендігін айтты.

Ильдар Үйсімбаев, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаментінің директоры:

Салық төлеу үшін мен өзімнің тіркелген аумағымдағы салық органының кодын білуім керек. Барлығы оны жаттап жүрмейді ғой. Сол үшін біз мынадай ұсыныс жасап отырмыз. Кез келген салық төлемін жеке сәйкестендіру нөмірі, яғни, ИИН арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төлемді өткізсе болды, қызметкерлер керек жерге ары қарай өздері жібереді.

Ұсыныс әзірге қаралып жатыр. Қашан іске асатындығы нақты белгісіз. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша қазір 3 миллион 100 мыңнан астам адамның салық қарызы бар. Жалпы соммасы 23 миллиард теңгеден асады. Тек олардың қаншасы өз берешегі туралы хабардар екендігі белгісіз боп тұр.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу