Басты Жаңалықтар Астанада құтқарушылар балық аулаймын деп суға батып кеткен тұрғынның денесін алып шықты

Астанада құтқарушылар балық аулаймын деп суға батып кеткен тұрғынның денесін алып шықты

Астана тұрғыны балық аулаймын деп суға батып кетті. Ол Ақмола облысы Аршалы ауданы аумағындағы су айдынына өзі жалғыз барған. Үстінде құтқару жилеті де болмапты. Құтқарушылар денесін судан кеше алып шықты. Алдағы мереке күндері табиғат аясына барып, балық аулайтындардың көбейетіндігі белгілі. Осыған орай, Төтенше жағдайлар қызметкерлері арнайы жаттығу жұмыстарын өткізіп жатыр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Мына жерде мұздың қалыңдығы 25 сантиметр. Ал, жалпы адамдардың үстіне шығуы үшін, көліктің шығуы үшін кемінде 35 сантиметр болуы керек. Қардың астында мұз мүлдем қатпағанын көреміз. Сондықтан, қауіп жоқ емес.

Мұз астына құлаған адамның батып кетуі үшін 2 минут уақыт жеткілікті. Сұп-суық су қимылды баяулатады, тіпті, адамның сіңірлері тартылып қалуы мүмкін. Оның үстіне, суға малынған киімнің салмағы ауырлайтынын қосыңыз. Бұл уақыт ішінде құтқарушылардың келіп үлгермейтіндігі айдан анық. Сондықтан, мамандар өзімен арнайы жилет пен қосымша құралдарды алып жүруге кеңес береді.

Исламбек Амангелді, бас құтқарушы:

- Егер айтқанды орындамаса, полиция қызметкерлері оларға айыппұл жаздырады.

Қысқы мереке күндеріне мұз қалашықтарын салу жұмыстары да басталып кетті. Қызметкерлер Есіл өзенінен мұзды кесектеп, жағаға шығарып жатыр. Құтқарушылар жақын таңда тұратындарды абай болуға шақырды. Әсіресе, бұл кез сырғанақ тебем деген балалар үшін қауіпті.

Ельдор Райымбеков, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:

- Қалашық жасау үшін мұз ойып жатқандар барлық ережелерді сақтайды. Сондай-ақ, ол жерде біздің құтқару топтары арнайы бақылау және профилактикалық жұмыс жүргізді.

Солтүстік аймақтарда ауа райы құбылмалы болғанымен, әзірге үскірік аяз бола қойған жоқ. Сондықтан, кез келген су айдынында мұздың жарылу қаупі бар. Мамандар абай болуды ескертті.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу