Ливандағы қазақстандық сарбаздар қызметтерін абыроймен атқаруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ливандағы қазақстандық сарбаздар қызметтерін абыроймен атқаруда

16.11.2018

Асқан қырағылық, темірдей тәртіп, адамгершілік пен адалдық отандастарымыздың өзгелерге көрсететін үлгісі саналады. Себебі, олардың әрқайсысы ерекше дайындықтан өткен, үздіктердің қатарынан таңдалған мамандар.

Ливандағы жерлес сарбаздар мұнда соғысып жатқан тараптардың бірін жақтау үшін емес, бейбітшілікті сақтау үшін келді. Бітімгершілік деген бас көзсіз басып кіретін «баскесерлікті» емес, бейбіт өмірдің берекесін насихаттау. Қызыл аймақта мұндай миссияны атқару әскерилердің мойнына артылар жүкті еселері хақ.

Мұхит Белгібаев, взвод командирі:

- Мына жағында Израиль, оң жағында Сирия. Бізде екі бақылау посты бар. Бірінші бақылау постында 5, екінші бақылау постында 4 адам. Күнде 2-3 мобильді патрульдеуге шығамыз.

Қызметте ғана емес, тұрмыста да мәдениеттілік көрсету маңызды. Темірдей тәртіп, тұла бойынан мін көрсетпеу сарбаздардың сапарға аттанарда алған бұйрықтарының бірі. Шалбардың қырын қисайтпай, ақ жағаға дақ түсірмей жүруді олар парыз санайды.

Арман Тастанбеков, взвод командирі:

- Басында Үндістан әскери қызметшілерімен тіл табысу қиын болды. Қазір барлық жағдай түзелді. Екі жақ бір-бірімен түсіністікке келді.

Шет тілінің саналарына сіңе бастағанын сұхбат алу кезінде анық байқадық. Тіпті қазақша сұраққа ағылшынша жауап бергендері де бар.

Бұл сарбаздар Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамында сәуір айына дейін қызмет атқарады. Сосын оларды келесі рота алмастырады. Қазір мамырда миссияға араласатын әскерилер ел абыройын асқақтату үшін арнайы дайындықтан өтіп жатыр.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу