2 апта бойы орналасып, жергілікті жағдаймен танысқан сарбаздар енді 6 ай бойы Біріккен ұлттар ұйымы уақытша күштерінің құрамында аймақтағы тыныштықты сақтауға ат салысатын болады. Қазақстан қарулы күштері алғаш рет бұл миссияға қатысып жатыр.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
- Міне, Қазақстанның туы Ливанда ресми көтерілді. Осы сәттен бастап Қазақстанның бітімгершілік полк құрамына енген 120 сарбаздың ливандағы миссиясы ресми басталды. Олар БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің құрамында осы жақта патрульдеу, бітімгершілік жұмыстарын атқару, тыныштықты сақтау, бақылау бекеттерін ұйымдастыру сияқты жұмыстарға қатысатын болады.
Бұл жолы біздің сарбаздар үнді батльонының құрамында қызмет атқаруда. Біріккен ұлттыр ұйымының ережесіне сай өз еркімізбен жіберуге әзір құқымыз жоқ. Дегенмен, мұның өзі тәжірибе алмасуға, қазақ әскерінің қауқарын танытуға таптырмас мүмкіндік болып тұр.
Талғат Мұхтаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Болашақта біздің жоспарымыз бойынша өзіміздің жауапкершілік зонамызды алуға тырысамыз. Оның барлығы БҰҰ басшылығымен пысықталып отыр. Сондықтан, болашақта біз жауапкершілік зона алып, сол жерде қызмет атқарамыз деп ойлаймыз.
Ливан жерінде осыдан 12 жыл бұрын соғыс болғаны белгілі. Теріс пиғылдылардың қайта бас көтеру қаупі де жоқ емес. Осы ретте біздің сарбаздар тұрақтылықтың сақталуына үлкен үлестерін қосуда.
Асылбек Хайралпов, мерген:
- Біздің міндетіміз әр 4 сағат сайын автокөліктердің жүрісін бақылау және өзіміздің басшылыққа баяндаймыз. Келеңсіз жағдайлар болған жағдайда штаб басшылығына хабарлап, Ливан әскерлері өздері жұмыс жасайды. Біз соларға көмектесіп, жәрдемдесеміз.
Әскерімізге жасалған жағдай да жаман емес. Күнделікті қажетті заттардың барлығы бар. Жатын орын, ыстық тамақ, шынығу залдарымен қатар, демалу бөлмелеріне дейін қарастырылған. Шалғайда жүрген сарбаздар болса, елге деген сағыныштарын қара домбыраның үнімен, қазақ халқының жырымен басатын көрінеді.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.