Сіздің жасыңыз 18 бен 29 аралығында. Десе де, білім алып, маман иесі болуға немесе тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігіңіз жоқ па? Олай болса, Жастар корпусын дамыту жобасының көмегіне жүгініп көріңіз. Пилоттық бағдарлама арқылы 1 млн. теңге қайтарымсыз грант беріледі. Тіпті, арнайы тағайындалған шәкіртақысы да бар. Биыл басталған жобаның жемісті нәтижесінің арқасында елдегі 2000-ға жуық жас кәсіпкер атанды.
Жас келсе - іске. Жобаның игілігін көріп, грант иесі атанған жандардың бірі Шымкент қаласы, Сарыағаш ауданынан келген – Айбек Жанысов. Былғары етік тігуді қолға алған азаматтың жасы небәрі 24-те. Соған қарамастан тәуекелділік танытып, кәсібінің нәсібін көрмек ниетте.
Айбек Жанысов, жас кәсіпкер:
- Бұл жоба туралы біз жастар орталығынан хабардар болдық. 1 млн. теңге ақша ұтып алдық. Сол ақшаға керекті жабдықтарымыз бен техникаларымызды сатып алдық. Қазіргі таңда екі жасты жұмыспен қамтып отырмыз.
«Жаспрожект» жобасының жұмысы биыл жазда басталды. Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік даму банкінің бірлескен жобасы 576 млн теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 2000-ға жуық жас 589 түрлі жобаны қолға алды. Мұның қатарында киімнен бастап, ағаш, бал, тоқыма, жүн, сән әлемі, тіпті жасанды қол жасайтын инновациялық кәсіп түрлері де бар. Грант иегерлеріне бір ғана талап бар. Алғашқы бес айда өнімдерін мұқтаж жандарға тегін тарату керек.
Пилоттық жоба Алматы, Павлодар, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асуда. Келешекте барлық аймақты қамту жоспарланған. Бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасады. Сондықтан да мүмкіндікті пайдаланғысы келетін әр жас жобаның арнайы сайтынан ақпар алуға болады.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ