Қазақстандықтар экологиялық акция аясында рекорд орнатты
Бүгін қазақстандықтар әлемдік «World Cleanup Day» экологиялық акциясына қатысты. Тұтас ел бойынша өткізілген сенбілікке 422 мыңнан астам адам атсалысып, бұл КИнЭС рекордтар кітабына енген ауқымды шара болды. Еліміздің бірнеше қаласында өткізілген жұмысты тілшілеріміз таспалап қайтты. Рет-ретімен келесі материалда баяндалады.
Ел аумағында рекорд орнатуды көздеген «Таза Қазақстан» акциясына алматылылықтар да белсене ат салысты. Бір күнде қаладан 880 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Сенбілікке 2400-ге жуық адам қатысты.
Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:
Тазалықты сақтау, өзінің артынан жүрген жерінен қоқысты жинау мәдениеті қалыптасып келе жатыр. Ал бүгінгі сенбілік – соның бір көрінісі. Бұрын күллі Қазақстанда қанша адам қатысты, қанша қоқыс жиналды деген ондай мәлімет есептелмеген. Бұрын-соңды болмаған.
Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында бір түсті киім киіп, ерікті жастар Сарқырама өзенінің жағасына жиналды. Бұл жаз уақытында көп ластанатын орын. Сондықтан, тазалық жұмыстары барынша жүргізіліп жатыр.
Азамат Қапышев, Қосшы қаласының әкімі:
Негізі Қосшы қаласында осындай сенбіліктер, акциялар жиі өтеді, жыл бойы өтеді. Мысалы, жасыл ел жасағы жұмыс жасады. Жастар жасағы жұмыс жасады, көгалдандыру жұмыстарын жақсы жасады.
Экобастаманы жүзеге асыруда әсіресе жастар жағы белсенді. Сондықтан бүгін Астана маңындағы Талапкер ауылына да ағаштар отырғызуға 150 адам атсалысты.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Бүгін біз әдейі питомниктен алып келіп, осы Астананың маңайындағы ауылдарға осындай ағаштарды бөліп, саябақтар жасауды жоспарлап отырмыз. Қар түскенше әр сенбі сайын мемлекет бойынша осындай іс-шаралар өтіп тұрады.
Қызылордада «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында «Отан қорғаушылар» саябағында сенбілік өтті. Игі іске жастар ұйымдарының белсенділері мен еріктілер ұйытқы болды.
Әліби Басаров, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:
Сыр жастары белсенді түрде атсалысып келеді. Әр сенбі сайын біздің қаланың саябақтарында, халық көп шоғырланатын жерлерінде арнайы тазалық жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. Экологиялық акцияның басты мақсаты қоғамда қаланы таза ұстау және тазалыққа шақыру тұрғындарды.
Бүгін тұтас ел бойынша 422 мыңнан астам адам қатысқан сенбілік- қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына енді. Жалпы, Таза Қазақстан миллиондаған азаматтарды біріктірген жоба. Соның арқасында 860 гектар жерде қоқыс тазартылып, 4 млнан аса түп ағаш отырғызылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
