Күрестен әлем чемпионаты: қоржында екі қола
Хорватияда күрестен жаҺандық дода аяқталуға жақын. Қоржында әзірге қос қола жүлде. Кешегі жарыс күнінде асығымыз алшысынан түсіп, екі балуанымыз финалдық кезеңге жолдама алды. Олар кімдер? Бүгін белдесіп жатқан отандастарымыздың қазіргі нәтижелері қандай? Әріптесім Азат Қадырбек тарқатады.
Загреб төріндегі біріншіліктің жетінші күнінде жігіттеріміз жігер көрсетті. Кешегі жарыс күнінде төрт отандасымыз бозкілемге шықты. Өкінішке қарай, 97 келінің өкілі - жас спортшымыз Рахат Бержанов алғашқы айналымда гүржі балуанына 2:7 есебімен жеңілді.
Ал, Мерей Мәулітханов бірінші кезеңде Финляндиялық бозкілем шеберін жеңді. Екінші айналымда әлем чемпионы Сербриялық Али Арсаланды нағыз жан алысып жан беріскен белбесуде бар болғаны 1 ұпай басымдығымен жеңді. Осылайша, жарыс күнінің жаңалығы атанды. Ширек финал. Кезекті азулы қарсылас. Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері украиналық Парвиз Насибов. Мерей бұл жолы да ел мерейін үстем етіп қарт құрлық өкілін сенімді жеңді. Жартылай финал. Тағы да әлем чемпионы. Ибрагим Ганеммен өткен белдесуде Мерей қорғаныста жүрген жоқ. Шабуылдады. Тәуекелге барды. Жеңіліп жатқан сәтінде әдіс жасаймын деп есе жіберді. Мәулітханов бүгін қолаға таласады.
Ал, Айдос Сұлтанғали бірінші айналымда АҚШ өкілі Максвелл Блэкті сенімді жеңді. Белдесу барысында алған жарақатына қарамастан екінші қарсыласы Израиль өкілінің де бірден мысын басты. Ұпайдан шашау шығармаған жерлесіміз жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды. Бұл жолы Солтүстік Корея өкілі Олимпиада жүлдегері, Азия чемпионын жеңіп жартылай финалға аяқ басты. Енді Амиран Чавадзені жеңу қажет. Грузия өкілі қарсы топта қарсыластарын қоғадай жапырып жартылай финалдық белдесуде де ұпай көрсеткішімен алға шыққан. Бірақ, Айдос аянып қалмады. Қатарынан қос бірдей әдіс жасап жанкүйерлерін бір қуантты. Амиран тіпті соңғы секундтарда белдесуден бас тартты. Бүгін финалда азиялық дерби. Айдос өзбекстандық Алишер Ганиевпен чемпиондық тәжге таласады.
Финалдық кезеңде бар назарымыз Демеу Жадыраев та болды. Қарсыласы мадиярлар елінің өкілі. Теңдей өткен белдесуде Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жадыраев қанша шабуылдағанымен жеңісті еншілей алмады. Осылайша біріншілікті алғашқы бестікте аяқтады.
Бүгін Ислам Евлоев, Дінмұхамед Қошқар және Ержет Жарылқасын жарыс жолында. Дінмұхамед өкінішке қарай іріктеу кезеңінде сүрінді. Ал, Евлоев бірінші айналымда гүржі, екінші кезеңде Армения өкілін жарыс жолынан тайдырды. Ал, Ержет Жарылқасын бәсекенің 1/8 кезеңінде Солтүстік Корея өкілінен басым түсті. Жарыстың ширек финалында.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
