Алматы облысында ұзындығы 9 км болатын түйе керуені жүріп өтті
Алматы облысында ұзындығы 9 шақырым болатын керуен жүріп өтті. Шараға Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері де қатысты. Ауқымды шара талапқа сай келсе әлемдік рекордты жаңартып, әлем назарын аударуы мүмкін.
Бұл керуен – ауыл еңбеккерлерінің, қарапайым шаруалардың табанды еңбегінің жемісі. Біз осы арқылы еліміздің дәстүрін ғана емес, еңбектің қадірін де көрсеттік, - дейді шараның негізгі ұйымдастырушысы «Дәулет-Бекет» серіктестігінің басшысы. Компания 5 мыңнан аса түйе бағып, сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. 80-нен аса ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сыдық Дәулетов, «Дәулет-бекет» түйе шаруашылығының негізін қалаушы:
Әрбір азамат осылай еңбек ететін болса біздің Қазақстанымыз гүлденіп кетеді. Міне, осындай ұланасыр сахарада мал өсіріп отырмын. 25 жыл болған екен. Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы жылы деп белгіледі. Соның аясында осы еңбегімнің нәтижесін көрсетейін деп осындай үлкен керуен ұйымдастырдым
Шараны алыс-жақын шетелден жүздеген турист тамашалады. Мақсат – ұлттық дәстүрді жаһанға танытып, ауыл шаруашылығын, отандық өнімді және туризмді дамыту. Керуенді тамашалауға жиналғандар да халқымыздың тарихы мен дәстүрінің әлемге танылып жатқанына қуанышты.
Іс-шара аясында ұлттық өнер фестивалі өтіп, әншілер әннен шашу шашты. Келушілер ұлттық ойындарды тамашалап, қолөнер бұйымдарымен танысты. Мамандардың айтуынша, бұл керуен Қазақстанды халықаралық деңгейде тағы бір мәрте танытып, елдің мәдени имиджін көтерді. Мың түйе тізілген бұл көрініс тарих пен бүгінгі еңбектің тоғысқан сәтіне айналды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
