Абай елінде Қызылорда облысының Өнер күндері өтті
Семейде Қызылорда облысының Өнер күндері өтті. Сырдың сазды сәлемін Абай жұртына ала барған мәдениет және руханият өкілдері қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерін көрерменге паш етті.
Көпшілікке «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме таныстырылды. Оған аймақтың жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылған.
Сапар Көзейбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
Сақтардың астанасы болған Шірік-Рабад қаласынан археологиялық қазба барысында табылған құнды жәдігерлеріміз, сонымен бірге орта ғасырдағы оғыздардың астанасы болған Жанкент қаласынан табылған археологиялық қазба барысында табылған құнды жәдігерлер. Керемет суретшілеріміз бар. Сол суретлілердің туындылары, картиналарды ұсынып отырмыз. Келген халық ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Қызылордалық өнерпаздар Семей жұртын жыр-терме, ән-күймен, әсем биімен баурады. Сыр елі саф өнердің алтын қазынасы Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен облыстық симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Қазақтың ән өнерін әлемдік сахналарда насихаттап жүрген танымал әншілер классикалық шығармаларды шарықтады. Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерінен үндестік тапқан керемет кеш көрермен қауымды бір серпілтіп тастады. Өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтатын өнер күндері Өскеменде жалғасады.
Жанмұрат Сейілов, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы:
Сұлу Сырдан - Абай еліне атты тақырыппен, екі елдің өнері мен руханиятын нығайту, байланыстыру мақсатында. Шығармашылық ұжымдардың бір-бірімен тәжірибе алмасу реттілігін көздеп Қызылорда облысының, Абай облысындағы өнер күндері өтуде. Мұндай сапарларымыз, мұндай шараларымыз руханияттың діңгегін нығайтатын ұтымды жұмыс деп есептеймін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
