Алматы облысыда қоқыс полигонындағы өрт оқшауланды
Алматы облысы қоқыс полигонындағы өрт оқшауланды. Тілсіз жаумен күреске Алматы мен Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарынан мамандар жұмылдырылған. Оқиға орнына барып қайтқан тілшіміз жалғастырады.
Қазір Алатау қаласында орналасқан қоқыс полигонындағы өртке байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Бұл шешім қажетті ресурстарды шұғыл түрде пайдалануға және жедел әрекет етуге мүмкіндік берген. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қызыл жалынның беті қайтқан.
Ерлан Төрегелдиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
Екі күн бұрын полигон аумағына кіру мүмкін емес еді. Қазір инженерлік техниканың бәрі қоқыстың үстінде жұмыс істеп жатыр. Өрт аумағы барынша тарылды. Тілсіз жау толық ауыздықталған соң моральдық және материалдық шығындар есептеледі.
Түтінге тұншығып, иіске шыдамаған тұрғындар өрттің тезірек сөнуін күтуде. Жел тұрған сәтте жағымсыз иіс тіпті күшейе түседі, – дейді олар.
Ауқымды өртті сөндіру үшін төрт жерден топырақ тасылып, үш бағыттан су жеткізілуде. Өрт сөндірушілерге ыстық тамақ ұйымдастырылып, мамандар тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуде.
Аумағы 35 гектарды алып жатқан қоқыс полигонының биіктігі шамамен 10 метрден асады. Қазір өрт аумағында арнайы жүздеген техника мен мыңға жуық маман жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай өртке су себіліп, беті топырақпен жабылып жатыр.
Өрт аумағында жедел штаб құрылып, барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мамандардың айтуынша, өрттің шығу себептері анықталып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
