Басты Жаңалықтар Алатау қаласының барлық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтті

Алатау қаласының барлық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтті

Алматы облысында бой көтеретін жаңа Алатау қаласының барлық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын тұр. Инженерлік жүйелердің, яғни су, газ және электр энергиясының қоры жеткілікті, дейді облыстық әкімдік өкілдері. Сарапшылардың айтуынша, жаңа шаһар тек облыс үшін емес, тұтас еліміздің экономикалық орталығына айналуы мүмкін.


Жаңа қаланың құрылысын жүргізу үшін қажетті инфрақұрылымға басымдық берілген. Қазірдің өзінде аумаққа жол, су құбыры, электр желісі мен газ тарту жұмыстарының жоспары дайын. Жоба жүзеге асса, мұнда жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.


Жаңа шаһардың бой көтеруіне отандық және шетелдік инвесторлар атсалыспақ. Олардың талаптарына сай бас жоспар қайта жасалған. Мұнда заманауи зауыттар мен фабрикалар бой көтереді, дейді мамандар.


Болат Мұсылманбеков, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:


Бірінші бас жоспарды сингапурлық компанияның нұсқауымен, екінші бас жоспарды бізге келіп жатқан инвесторлардың мүмкіншіліктері, солардың жеріне, инвестиция саламын деген зауыттарын, фабрикаларын салу үшін бас жоспарға өзгеріс кіргізіп, сол жұмысты атқарып бітірдік.


Бұл – Алматы облысындағы ең ірі жобалардың бірі. Мамандардың айтуынша, келешекте қала толықтай цифрлық форматта дамып, жасыл технологияларды қолданады.


Қуан Нұрақын, тілші:

Бұл жер — жаңа Алатау қаласы салынатын орын. Аумағы 88 мың гектардан асады. Мемлекет басшысы Үкіметке 10 күн ішінде осы қалаға арнайы мәртебе беру жөнінде жарлық жобасын әзірлеуді тапсырды. Құжат дайындалса, бұл жерде құрылыс қарқын алып, цифрлық қала бой көтереді.


Бөлісу