Орталық Азияның ортақ мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азияның ортақ мәселесі талқыланды

24.04.2025

Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі көрші мемлекеттер аумағында орналасқан. Трансшекаралық өзендерді өзімдікі дей алмаймыз. Жалпы, Орталық Азияның бірнеше елі бір құдықтан су ішіп отырған көрішлердей. Сондықтан да, су дегенде шу көп. Вашингтондағы Атлант кеңесі сарапшылары «Су қауіпсіздігіне» байланысты өткен жиында Орталық Азия елдері су тапшылығына қатысты қақтығыстарды жоюы керек, деп кеңес берді, тіпті, дабыл қақты десек те болар.

Аралдың табанындағы қыртысы бетіне шығып, Каспийдің толқыны жуастанып барады. Өзен-көлдер де тартылуда. Өйткені, жаһандық жылыну - 2021 жылдағыдай құрғақшылыққа әкеліп жатыр. «Ауласы бірдің ауасы бір» дегендей, көршілердің мәселесі де ортақ.

Сара Кэмерон, Мэриленд университетінің профессоры:

Соңғы есебіміз бойынша, Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан мен Тәжікстанда су ресурстары анағұрлым көбірек. Қалған елдер солардың шешіміне тәуелді болып қалуы мүмкін. Сондықтан екіжақты қарым-қатынаста дәл осы су ресурстарына қатысты мәселелер бірінші орында тұруы керек. Одан кейін Қырғызстан мен Тәжікстан ішіндегі суды шектеулі мөлшерде қолдану механизмдерін ойластыру керек. Оның өтемі үшін Өзбекстан, Қазақстан сияқты елдер не бере алады? Бұл жоспар да дайын тұруы керек. Және сарапшылардың қоян қолтық жұмысы да аса маңызды болып отыр.

Судың да дипломатиясы бар. Орталық Азияда тіршілік нәріне қатысты ынтмақ пен келісім керек. Сол қағида бойынша Қазақстан Жайық өзені бойынша Ресеймен, Іле өзені бойынша Қытаймен серіктестікті сәтті орнатты. Дегенмен, суға деген қажеттілік көбейген сайын атқарар жұмыстың ауқымы да еселене береді.

Вилдер Алехандро Санчез, «Second Floor Strategies» компаниясының президенті:

Қырғызстан мен Тәжікстанның су ресурстарын тиімді бөлісу үшін Қазақстан тарапы оларда жоқ экономикалық құралдарды қолдана алады. Баж салығын азайту, жұмыс орындарын ашу, сауда көлемін арттыру, пайдалы қазбалар секілді мүмкіндіктерді айырбастауына болады. Сол үшін Қазақстан өзінің экономикасы мен индустриясын бұдан да артық деңгейде дамыта түсу керек.

2025 жылы Орталық Азиядағы қоршаған ортаны қорғау саммиті Қазақстанда өтеді. Сондай салмақты жиында сыртқы саясатпен қоса, су тапшылығы мәселесін де көтеріп, оң шешім шығарса игі. Атлант кеңесіндегі сақа сарапшылар осындай ұсыныс білдірді. Жалпы, бүгінде 2 миллиардтан аса адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. 2050 жылға қарай Қазақстан «Суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу