Президент Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Өңір активіне жаңа әкімді Премьер-министр таныстырды. Ал бұрынғы басшы Нұрлан Ұранхаевқа аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Жаңа әкім Берік Уәлиге бірқатар міндет жүктелді. Абай облысының экономикасын әртараптандырып, инвестициялық ахуалды жақсартуы қажет. Шығыстың жауһары саналатын Алакөл көлінің, өңірдегі тарихи және мәдени орындардың әлеуетін ашып, туризм саласына ерекше көңіл бөлуі маңызды. Берік Уәли Абай облысының тумасы, 48 жаста. Еңбек жолын тілшілік қызметтен бастаған. Кейін облыстық әкімдіктерде, партияда, министрліктерде түрлі қызмет атқарды. Президенттің баспасөз қызметін екі рет басқарды. 2019-2022 жылдары және 2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Киелі Абай жері ел дамуында маңызды орын алады. Облыстың жағдайы Мемлекет басшысының үнемі назарында. Президенттің бастамаларын қолдап, белсенді азаматтық ұстаным танытып жүргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық қоғам бірлесіп, жұмыс істеуі қажет.
Самал Қабышева
