Бүгін Астанада Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің форумы өтті. Оған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты. Онда «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі қазақстан тарихы» академиялық басылымның жеті томдығын дайындау барысы талқыланды. Президент 2021 жылы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақала жариялап, сонда ұлы даланың тарихын ежелгі дәуірден бастап қазірге дейін зерттеуді одан әрі жалғастыруға ерекше назар аударды. Бұл жеті томдық – тарих ғылымының жаңғыру кезеңіндегі іргелі ізденістің бірі болмақ.
«Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі қазақстан тарихы» академиялық басылымы 7 томнан тұрады. Әр томына арнаулы ғылыми интстиуттар жетекшілік етеді. Ұлттық жобаның негізгі жаңалықтары мыңжылдықтармен өлшенетін тарихымызды біртұтас шежіре етіп көрсетеді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Қазақстан – көшпенділердің ежелгі мемлекеттік құрылымдарының бесігі және бір кездегі қуатты елдер мен империялардың мұрагері ғана емес, сонымен қатар тұтас көшпенділер өркениетінің ошағы мен орталығы. Сондықтан ұлттық тарих ғылымының міндеті – халқымыздың тарихына өркениеттік парадигма тұрғысынан ауқымдырақ және кеңірек қарау, оны осы ұстаным бойынша дәріптеу.
Форумның пленарлық отырысында және жеті жұмыс секциясында археология, этнография, этнология, тарихи география салаларындағы жаңалықтарды талдау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Қазақстан зерттеушілерінің шетел мұрағаттарында, музейлерінде және кітапхана қорларында жүргізген зерттеулерінің нәтижелері қаралды. Жалпы, «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі қазақстан тарихы» академиялық басылымын жаузға 250-ден аса тарихышы мен жүздеген қосалқы авторлар атсалысқан. Академиялық көптомдықта алғаш рет Алтын орда - ұлық ұлысы туралы жеке том жазылады. Бұдан бөлек, бұрын-сонды бізге беймәлім болған тың деректер ғылыми айналымға енгізілмек.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең басты негізгі өзгеріс алғашқы рет біз өзіміздің тарихымызға өзіміздің ішкі көзбен қарап жатырмыз, сырттан емес. Бізде бұрын да жазылған. өте жақсы жазылған академиялық еңбектер болды. Бірақ олардың көбі теориялық, әдістемелік жақтан сыртқы көзқараспен біздің ұлттық тарихымызды бейнелеген. Енді біз алғаш рет соны ішкі, ұлттық көзқараспен көрсетуге тырысамыз.
Форумға қатысушылар ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихына қатысты көптомдық академиялық басылымды әзірлеу жұмыстарына жоғары баға берді. Сондай-ақ археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу ауқымын кеңейту, мұрағат пен аймақтану ісін одан әрі дамыту, оқулықтарды және тарихты оқыту әдістемесін жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
Азамат Бейбітұлы