Қазақтың асыл тұқымды тазы итін басқа иттермен шағылыстырып, қанын бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту керек. Тазы дипломатиясы концепциясының авторы, тазы жанашыры Абзал Досман осындай ұсыныс білдірді.
Еске салайық, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сонымен қатар оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Президенттің тапсырмасымен 2022 жылдан бастап қолға алынды. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер жасалды. Ал, бүгінгі ұсыныс тазының таза тұқымын сақтап, одан әрі санын көбейту үшін маңызды, дейді Абзал Досман.
Абзал Досман, «Nomad» ұлттық саятшылық» қоғамдық қорының мүшесі:
Мемлекеттік деңгейде тазының санын, қанын сақтап қалып, сапасын арттыру үшін қаншама еңбек жүргізіліп жатыр. Ал бір жағынан қанын бұзып жатсақ өзімізге қарама-қайшылықты білдіреді. Сондықтан, Әкімшілік кодексте арнайы бап болса, тазылардың басқа тұқымдармен шағылысып кетуінде иелеріне жауапкершілік болуы керек.
Жеті қазынаның қатарына қосылған таза қанды құмай тазылар саятшылықтың сәнін келтірген жануар. Кей мәліметтер бойынша, қазір Қазақстанда екі мыңнан астам тазы бар. Былтыр Халықаралық кинологиялық федерацияның бас комитеті қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп тану туралы шешім қабылдады.
Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді. Сондықтан, қазақтың брендіне айналған тазының таза тұқымын сақтап, санын көбейтіп, дәріптеу қажет, дейді сарапшылар.
Азамат Бейбітұлы