Өзбекстанның Наманган облысы гүл экспорттаушы өңірге айналып келеді
Өзбекстандағы Наманган облысының тұрғындары гүл өсіруді табысты кәсіпке айналдырған. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жоба ретінде гүлдер кластері құрылып, ондаған мың тұрғын осы істен нәпақа тауып отыр. Ауылдарда гүл өсірудің қыр-сырын үйрететін арнайы курстар бар.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Мен қазір Наманган шаһары маңындағы Наурыз мәхалласында тұрмын. Бұл жердегі отбасылардың барлығы гүл өсірумен шұғылданады. Себебі, Наманган «гүлләр шахри» яғни «гүлдердің қаласы» деп аталып кеткен. Әрбір үйде жылыжай бар, онда өсірілген гүлдерді іргедегі базарға саудалайды. Ол жерден көтерме бағамен алушылар өздері әкетеді.
Наманган халқының өмірі мен тұрмыс-тіршілігі гүлмен біте қайнасып кеткен. Мұндағы тұрғындардың бірі гүл шаруашылығында қарапайым жұмысшы, екіншісі гүл сатушы, ал енді бірі оны жеткізуші болып жұмыс істейді. Гүл бизнесі жыл он екі ай дамылсыз жүріп тұрады. Өнімге сұраныс қашанда бар.
Ойбек Нуриддинов, гүл кластерінің жетекшісі:
Осы Наурыз мәхалласының өзінде 500-ден астам гүл өсіруші бар. Титімдей дәннен көшет өндіріп, оны әсем гүлге айналдырып, сатамыз. Өнімді ішкі нарықтан бөлек көршілес Қазақстан, қырғыз елі мен Тәжікстанға экспорттаймыз.
Бұл – гүл өсіруге ынталы тұрғындарды оқытатын орталық. Курсқа келушілер де аз емес. Осында алған білімін пайдаланып, гүл бизнесіне кірген адам табыссыз қалмайтынын жақсы біледі. Климаты аса жайлы өлкенің халқы гүлді бұрын тек әсемдік үшін өсіретін. Ал кейінгі жылдары елдің әл ауқатын көтеруге бағытталған игі іске айналдырды.
Алишер Мурадов, Кедейшілікті қысқарту және жұмыспен қамту министрінің орынбасары:
Тұрмысы төмен отбасылардың әлеуметтік картасын жасап, әрбіріне жеке көңіл бөліп, кемінде бір адамның жұмыспен қамтылуына мән береміз. Жергілікті билік осыған жіті назар аударады. Көрші-қолаң да шет қалмайды, жұмыла кірісудің нәтижесінде ауыл-аймақта кедей отбасы болмауына қол жеткіземіз деген сенім бар.
Биылғы жылдың алғашқы жартысында Наманган облысында гүл экспортынан түскен табыс 1,2 миллион долларды құрады. 500-ге тарта шаруа қожалығы тауар айналымын екі есеге арттырған. Ал аудандарда бес бірдей гүлдер кластері құрылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
