Қазақстанда жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды. Президенттің тапсырмасымен ішкі туризмді және жолаушылар әуе тасымалын дамыту мақсатында, әуе қақпалары биыл Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында салынбақ.
«Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Президент осындай міндет жүктеген еді».
Сәрсен Жарылғасов, Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
«Жалпы үш әуежайдың параметрлері бірдей болайын деп жатыр. 2 200 метр ұшу-қону жолағының ұзындығы болады. Жолаушылар ағыны сағатына 150 жолаушы».
Былтыр ірі хабтарды дамыту мақсатында Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жолаушылар терминалының өткізу қабілеті артты. Оның үстіне, отандық компаниялардың ұшақтар паркі жыл сайын 10-15 ұшаққа толықтырылуда. Бүгінгі күні әуе кемелерінің саны - 102.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
«Қазіргі таңда Қазақстандағы халықаралық стандарттарға сәйкестендіретін болсақ ұшу қауіпсіздігі 82 пайыз. Бұл дегеніңіз ТМД елдері ішіндегі ең жоғары көрсеткіштің бірі. Мысалы, Польша және Дания елдерімен сәйкес келетін көрсеткіш болып отыр».
Былтыр қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн-ға жуық адамды діттен жеріне жеткізген. Әуежайлар 30 млн жолаушыға, оның ішінде шетелдік авиакомпаниялар мен азаматтарға қызмет көрсетті.
Азамат Бейбітұлы