Биыл Жетісу облысының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да салаларында өсім бар. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын Президентке таныстырған облыс әкімі осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары кезінде өндірістік, әлеуметтік нысандарды да аралап, жұмысымен танысты. Қарапайым қызметкерлермен кездесіп, жағдайларын сұрады. Өңірден Оңғар Алпысбайұлы жалғастырады.
Asma Industrial – стационарлы аккумулятор батареяларын шығаратын кәсіпорын. Жуырда ғана іске қосылды. Мемлекет басшысы жұмыс сапарын осы өндіріс ошағынан бастады. Қызметкерлермен әңгімелесіп, жағдайларын білді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кәсіпорын жылына 210 мың дана өнім шығара алады. Толық қуатына шаққанда 180 тұрақты жұмыс орны ашылады. Осы салада 25 жылдық өтілі бар Қайрат Туғанбаев соңғы үлгідегі құрылғылар өнім сапасына кепілдік береді деп отыр.
Қайрат Туғанбаев, өндірістік цех басшысы:
Қолмен пайкалаймыз. Одан кейін бізде мына жерде пылесос тұр. Ішіне түскен шаңы болса, соның бәрін сорып аламыз. Одан кейін барып тексереміз қысқа тұйықталуға. Одан шыққаннан кейін мына жерде бізде қақпағы жабылады. Моноблок келеді де крышкаға отырады да одан шығып, сушилкаға кіреді. Осы сушилкадан ол кеуіп шығады.
Бұл жерден шыққан аккумуляторлар тау-кен, мұнай, жасыл энергетика салаларында қуат жинақтаушы құрылғы ретінде пайдаланылады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Бұл зауытта пайдаланылатын шикізаттың басым бөлігі Қазақстаннан сатып алынады. Мәселен, мына қорғасын, күкірт қышқылы өзімізден алынған. Ал дайын өнімдердің 60 пайызы экспортталады. Тек 40 пайызы ғана өзіміздің ішкі нарыққа бағытталмақ.
Серікбай Әжмағанбетов, «Asma Industrial» компаниясының бас директоры:
Бұл – стационарлық аккумулятор шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Құрылыс кезінде мемлекеттен жақсы қолдаулар болды. Газ, электр желісін және кәріз жүйесін тартуға 260 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Даму қоры арқылы 1,5 млрд теңге несие алдық. 7 млрд теңгені өзіміз құйдық.
Жетісу облысында 550-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Өндіріс орындарында 30 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыс істеп жатыр. Биыл 10 айдың ішінде 278 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Өсім - 4 пайыз.
Президент мектеп оқушыларымен кездесті
Ал бұл – нөмірі 30 мектеп. Жыл басында ғана пайдалануға берілген. Президентті күтіп алуға ерекше дайындалып жүрген мына спортшы бүлдіршіндер. Микрофон ұсынғанымыз сол еді, мемлекет басшысына дайындаған өлеңін оқып берді.
София Олжасқызы:
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін!
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Жаса, жаса мәңгі туған елім.
Ал бес жасында бірнеше біріншілікті бағындырып үлгерген қыздер жетістіктерін айтып, мақтануға асық.
Айнұр Серікова:
Астанаға бардым. Алматыға бардым. Ол жерде біріншісінде бірінші орын алдым. Екіншісінде тағы бірінші орын алдым. Үшіншісінде тағы да бірінші орын алдым. Төртіншісінде екінші орын алдым.
Асылым Мұратбек:
Маған қатты гимнастика ұнайды. Мостикқа тұрып, шпагатқа отырып, сальто айналып…
Қадірлі меймандарының алдында қыздар мүдірмеді. Дайындаған өлеңдері мен сөздерін жарыса жеткізіп, Президенттің батасын алды.
Мектепте химия, физика, биология пәндерін тереңдете оқыту үшін арнайы кабинеттер жасақталған. Ал, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін ағаш, металл және тігін шеберханалары бар. Түрлі үйірмелер де тегін.
Мәлік Жанболат, оқушы:
Бізде көркемпаздық клубы мен «Смарт бала» жобасы аясында,робототехника үйірмелеріне қатысып, біз қосымша білім аламыз және болашаққа деген неше түрлі технологиялық білім аламыз. Және де тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту басқа да спорттық түрлерден осы үйірмелерге қатысып, біз өзіміздің ұлттық спортымызды дамытамыз және жандандырамыз.
Наурызхан Жиенқожанова, ата-ана:
Менің екі немерем де осы 30 мектепте білім алып жүр. Мектептің барлық іс-шараларына қатысып жүремін. Мектебіміз сәулетті, жайлы, жылы, кең. Балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
«Жетісу» волейбол клубы үздіктер қатарынан көрінді
Жетісу жерінде спорт түрлері де жақсы дамыған. 2001 жылы құрылған волейбол клубы қазір елдегі үздіктердің қатарында.
Нияз Жантілеуов, «Жетісу» волейбол клубының директоры:
Әйелдер командасы сегіз мәрте ел чемпионы атанған. Тоғыз мәрте ҚР кубогын ұтты. Төрт мәрте супер кубокты ұтқан. Осы қараша айында кубокты ұтып, оның артынан супер кубокты ұтып, Азия чемпионатында да ұтқан болатынбыз.
Осы жетістіктерін ескеріп, волейбол клубына арнайы кешен салынды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы баламасы жоқ нысанның жұмысымен арнайы танысты.
Нысанның құрылысына 1,2 млрд теңге жұмсалған. Енді команда спортшылары бұл үмітті ақтауға барымызды саламыз деп отыр.
Жәнібек Омар, «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы:
Бұндай мүмкіндікті бәріне бере бермейді. Сондықтан біз қазір өзіміздің жаттығуларымызда барымызды саламыз. Әрине жарыстарда үлкен жетістіктерге жете береміз.
Клуб әр аймақтан келген спортшылардан жасақталған. Олар баспана мәселесіне бас қатырмауы үшін жеке инвестор есебінен көпқабатты тұрғын үй салынды. Ғимаратта пәтерлерден бөлек, оқу кабинеттері жасақталған. Мемлекет басшысы бұл нысанды да арнайы аралады.
Үстел теннисі орталығына үлкен үміт артылып отыр
Президент барған келесі нысан – үстел теннисі орталығы. Жетісу қолдау қоғамдық қорының есебінен салынған. Арнайы мектепте 33 спорт шеберіне үміткер, 41 бірінші разрядты спортшы дайындалады. Мемлекет басшысы біреуінің деңгейін өзі тексеріп көрді.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазақстанда 250 мыңға жуық адам осы осы үстел теннисімен шұғылданады екен. Олар бұған дейін елдегі 10 арнайы спорт кешенінде шынығып келді. Бұл – он біріншісі. Мұны елдегі бұқаралық спортты дамытуға жасалып жатқан тағы бір қадам деп бағаласақ болады.
Спорт мектебінің түлектері жасалған жағдайдан кейін биік белестерді бағындыру міндетіміз болды деп отыр.
Табиғат Шәріпхан, спортшы:
Бұған дейін жастар спорт сарайында жертөледе өзіміздің кішкентай зал болатын. Сол жақта өзім дайындалдым. Көп тер төктім. 6 жыл уақыт бойы. Енді рахмет бізге осындай үлкен үстел теннисі орталығын салып берді. Осы жақта көп дайындық жасап, Азия, әлем, олимпиада чемпионы болуға бар күш жігерімізді саламыз.
Мемлекет басшысы спортшылардың барлығына сәттілік тілеп, халықаралық жарыстарда Қазақстанның атын шығаратындарына сенім білдірді. Президент сапары ертең де жалғасады.
Оңғар Алпысбайұлы